Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  103


Автор: Мырзатай Болат

ЗАМАННЫҢ ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІСІ

Ызалы жанда – тыныш жоқ...
Мырзабек – үйде. Жұмыс жоқ!..
Бала-шаға да тоң-торыс...
Жұтаған тірлік. Дыбыс жоқ!..
Пара беретін – пұлы жоқ!..
Бара беретін – «түрі» жоқ...
Жұмыссыз - үйге сыймайды!..
Жігіттің, былай, міні жоқ!..
«Дипломнан» басқа – малы жоқ!..
Жарытып ішер дәмі жоқ!..
Жан жоламайды үйіне –
«Құр аяқтың – сәні жоқ!..»
Жігітім еді – теңеу жоқ!..
Жұмыссызда – бедел жоқ!..
Теріс айналды туысқан –
Олардан тамғы-демеу жоқ!..
Қол ұшын созар жаны жоқ!..
Жылмаңдық онда – тағы жоқ!..
Жемқорлық озған заманда


Мырзабектердің бағы жоқ!..
Айқын бір бағыт – жөні жоқ!..
Қисынын тапқан жолы жоқ!..
Құрдымға кеткен тірлігі!..
Кірейін десе- көрі жоқ!..
Мырзабек ердің – несі бар?..
Қоғамына - өші бар!..
Сорпа-су сұрап ұлитын
Шарбақта жалғыз «досы» бар!..
Мырзабек ердің – кімі бар?..
Тележәшігі – үні бар...
Оның да кейде ауысып –
Жалған айтар «жыны» бар!..
Қасқаның және мұңы бар:
Өтпейтін уақыт – сыны бар!..
Атып та болмас таңы бар!..
Батып та болмас күні бар!..
Тозығы жеткен үйі бар...
Құлдыраған күйі бар!..
Айран да болған ақыл бар...
Ашып та кеткен миы бар!..
Заманның қызыл түлкісін –
Аулай алмады бұл кісің!..
Айыра алмады момындық


Жылпос нарықтың түр-түсін!..
Үгіліп кетті – Мырзабек!..
Бүгіліп кетті – Мырзабек!..
Жемқорлық енген қоғамнан


Түңіліп кетті – Мырзабек!..
Жалғаннан жаны түршігіп!..
Ауа бір жетпей –тұншығып!..
Үйіне сыймай Мырзабек –
Бір кіріп жүрді, бір шығып!..
Шоқ болды кеше – Мырзабек!..
От болды кеше – Мырзабек!..
Шаршаған жүйке шыдамай –
Жоқ болды кеше - Мырзабек!..
Тәңірге жетіп наласы –
Зарлады қатын-баласы!..
Сорлыны зорға жөнелтті –
Берілді әзер қарасы!..
Қатыгез тірлік – талқы бұл –
Туғызды бүгін жалқы жыр...
Нар еді-ау қайран Мырзабек!..
Пейіште нұры шалқығыр!..
Бұл емес еді – тамшы-жыр...
Бұл емес еді таңқы-жыр!..
Құлдырап тұрған қоғамға
Сілтенген тентек қамшы – бұл!..
Өмірдің жолы – мың бұрау...
Момынға түсті қылбұрау!..
Мырзабектерім – мың сан-ау...
Түбіне жеткен құлдырау!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу