Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  93


Автор: Мырзатай Болат

БАҚЫЛАУ

Адам шіркін – замананың кебегі,
Көп ақынның құрып кеті дерегі!..
Жылдан-жылға ой-санаңды жеңеді –
Ұлы мұхит Жұмекеннің өлеңі!..
Желпіндірмей, тура сөзге бақсақ бір –
Күн қалды ма ана ақында тақпақшыл?..
Бір ағамыз болғанымен ашпақ сыр –
Шиырлайды бір орынды таптап құр!..
Өлең емес, эстрада - өрісі,
Әнсымаққа шумақ құрау – төл ісі!..
Бір құрдастың – тесік-тесік шөміші...
Өлерменнің - тірісі не, өлісі!..
Жиіркентіп ақсақ өлең, жыртық ән –
Түсінде оның Ақын күлер мұртынан!..
Ой ұрлап жүр бір ініміз қыртуан*-
Жұмекеннің қонып кеткен жұртынан!..
Алынбаған сыйлық жайлы бал ашып,
Ұры-қары иттей үріп, таласып!..
Ақырында – біреуінің «бағы» асып,
Бара жатыр «қан-майданнан» тарасып!..
Осындайға - өлеңінде күлген Ол!..
Шайтандықтың сұм – пердесін түрген Ол!..
Мәңгіліктің тұлпарына мінген Ол!..
Пенделіктің жетер жерін білген Ол!..
Әр айтқаның қорғасындай, алыбым!
Шын ақынды мойындатқан қалыбың!..
Абай – жырға астасқандай шалымың –
Ғасырларға барар білем жарығың!..
Мен де отырам әр сөзімді «сатып» ап...
Кеуде соғып, құр қайтейін қақырап?!.
Жұмекенім – тұратындай бақылап,
Жалған айтсам – қарайтындай шатынап!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу