Өлеңдер ✍️
БІР АРМАН
Көкіректе бар еді –
Тұнып қалған бір арман...
Өлең жаза алмадым –
Шығып, шіркін, құмардан!..
Жырым қалып жайына,
Өтті жылдар шұбалған.
Секілдімін кең арна –
Ылғал жепей суалған!..
Қалай ғұмыр кешкенмін –
Бос жүрістен торықпай?..
Таланат бізде бар еді-ау –
Дәу демеймін тобықтай!..
Сол «тобықтың», Құдай-ау,
Киесінен қорықпай...
Қалай ғұмыр кешкенмін –
Бір пәлеге жолықпай?!.
Айқай-сүрен мақала –
Жазып жүрген «шығармын!..»
Замананың сазымен –
Атымызды шығарған...
Нәзіктігім бар еді,
Сол асылым жоғалып.
Өтіп кетті жылдарым –
Мақалаға омалып!..
Нанасың ба, жан досым,
Түсіме өлең кіріп жүр!..
Ақ сезімнің түндігін –
Жарқыратып түріп жүр!..
Жатқызбай жүр жайыма –
Нұрғалиев* «салқыны»...
Сиқырлап жүр жанымды –
Раушанов* алтыны!..
Тыныштықбек* «аңқылы»,
Гүлнар* қыздың жан сыры,
Қалбай* құрдас қарқыны!..
Соның бәрі өткендей
Менің кеудем арқылы!..
Ұйықтап қалған шабыттың –
Оянғандай сарқыны!..
Өлең қамап жүр мені –
Жүрегімді құр-құрлап,
Жатқызбайды жайыма:
«Тірімісің тұр-тұрлап!..»
Көкірегім күмбірлеп –
Жырға толған сықылды!..
Үміт кесем тағы да –
Нұрға толған сықылды!..
Кемем жүзіп келеді –
Жатып қалған қайырда!..
Қарап қалмай, Мырзеке!..
Желкеніңді дайында!..
Ақ тілегім, жан Алла,
Қанатымды қайырма!..
Рас болса бергенің –
Осы күйден айырма!..
*Өтежан Нұрғалиев, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек
Әбдікәкімов, Гүлнар Салықбай, Қалбай Әбдіраман – ақындар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter