Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  105


Автор: Мырзатай Болат

ҚАР КҮРЕГЕН

Бусанып, күрер ме едім сүрі қарды?..
Кім сүйер оты қашып, суығанды?..
Өлеңім әуелден де шағын еді,
Кеудемде соның тақ-тұқ «жыны» қалды!..
Қалың қар болды, міне, ай жатқалы,
Көңілдің ұстатпайды жай-жапсары...
Жастығым сығалай ма жер түбінен?..
Елес бұл қайдан келген, қай жақтағы?..
...Жас едік екеуміз де қар күреген...
Білмеймін, балаң жүрек жанды неден?..
«Осы қар – таусылмаса» деп тіледік,
Қорықтық: «Анаң қара!..» әңгімеден..
Қар кешіп, қара қарға алшаңдаған!..
Жоқ еді сол сәттерде шаршау маған!..
Жатырған бұрқыратып омбы қарды...
Қайтер ед сонда көзің салсаң маған?..
Жас едік: сен де бәсең, мен де бәсең,
Арада – айтылмады сөздер әсем!..
Қар шашып ойнауға да жарамадың –
Менде емес, жерде жүрді көздер әсем!..
...Қыз шіркін қалмайды екен жерге қарап!..
Өзіңе талай жігіт қылды талап...
Көктемде қара сумен сен де кеттің
Мендегі сүт- сезімді қылып шалап!..
Болмасқа – бордай тозып, күнім қирап...
Жүрдім де біразырақ, тарттым ширақ.
Жас басым көп ұзамай болып тирақ*,
Қамдандым жол жүрмекке кітап жинап...
..Бір күні күтпеп едім, хат келіп тұр...
Лүпілін жүрегінің ап келіп тұр!..
«Бұл несі келіншектің?» деген сауал –
Дәркүмән көңіліме тап келіп тұр!..
«Кездестір – бақытыңды алдан!» - депсің,
«Қайтейін, аппақ едім қардан!»-депсің.
«Бір пысық, сендей емес, қағып кетті,
«Шәйгөннің* құлағында қалғам!»-депсің!..
...Сол жылы Маңғыстаудың күні туып,
Мен-дағы Алматы астым, оқу қуып...
Кітапқа, басқаға да уақыт тауып,
Құтырдық жігіттіктің жыны буып!..
Жігіттік қу арақпен тайласқанда –
Шығардық талай-талай «айды» аспанға!»
Асылып небір сылқым мойнымызға –
Мәз болдық көңіліміз жайласқанға!..
...Ақыры жалықтырды бойдақ жүріс –
Сезімсіз қар кешкендей ойнақ жүріс...
Баяғы қар күреген сәттерімнің –
Тұрмайтын тырнағына өтті бір іс!..
Сол тырнақ қартайғанда бүрді мені!
Бүргені – жүрегімді тілгіледі!..
Самсаған қыс-ақпанның сүңгілері –
Елестің кемесіне міндіреді...
Ат басын әлдеқашан тежегенмін...
Құр елес, неге келдің, неге келдің?..
Түсімде – қар күретіп ақмаңдаймен,
Өңімде – қамалатып кезеген мұң!..
...Тіршілік базарынан құр қалмаған,
Бүгінде біз – жаман шал құржаңдаған...
Періште ұшып кеткен неге оралсын –
Сондағы тазалықтан із қалмаған!..
...Қалтылдап, сыртқа шықсам – таям құлап,
Одан да үйдің іші баяндырақ!
«Үйкүшік тірлігімнің күні құрсын!» -
Десем де, жаны құрғыр аяулырақ!..
...Ақ қардай кіршігі жоқ алыс жылдар,
Құдай-ау, жер түбінде қалыпсыңдар!..
Апырмай, мына күннің қақауын-ай,
Көзімнен сырғанатып қар – ұшқындар!..
...Білмеймін, елес кезіп, адастым ба?..
Бір пәле күтетіндей жар астында...
Көктем кеп, сирағымнан суырмаса –
Біржола қалдым, міне, қар астында!..
...Күндер-ай, он жетім-ай, балғын едім...
Қонақтап көкіректе қалды демің!..
Опырмай!.. Елу алты үскіріп тұр...
Қайтейін, өлеңіммен қар күредім!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу