Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  91


Автор: Мырзатай Болат

ҚОРҒАСЫН

Ғұмыр кештім көп жыл жерім тарылмай,
Өмір - өзен ағысынан жаңылмай...
Жас ортада айрылдым өзіңнен,
Кетермісің енді емің табылмай?
Сен кеткесін кеудем болды қорғасын,
Қорғасынды – жуды талай көз жасым...
Біліп жүрдім, білсем-дағы қайтейін –
Қорғасынның көз жасына болмасын...
Көкірекке қорғасын – құрт толғасын –
Белгілі еді оңайлықпен оңбасым!..
Той-думандар жабырқатып жанымды,
Талай жерде кішірейді боз басым!..
Жадау көңіл жалғыздықтан – тоңғасын,
Үй-орманым иесіздіктен тозғасын:
«Бұл жүрісім – не жүріс?» - деп аңырып,
Ой ойладым жыл жарымдай озғасын.
Әйел – заттың жүйрігі мен жорғасын
Іздемедім – іздетпеді қорғасын!..
Жүріп-жүріп бір адамға тоқтадым –
Ол да өзіңдей иманжүзді болғасын!..
Қыз бойжетіп, тапты бақыт – жолдасын,
Ұл ержетіп – қорғар болды өз басын.
Қарап тұрсам – мұның бәрі от екен –
Ери берді, ери берді қорғасын...
Күндер кешем көп қайғыға салынбай,
Енді жиі бұзылмаймын сабындай...
Кей-кейде тек күңгірт тартып отырам –
Еріп кеткен қорғасынның қағындай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу