Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  306


Автор: Бірғали Байекеев

ҚАРАТӨБЕ-ҚАСИЕТТІ ҚАРА ЖҰРТ

Қаратөбем,
Кие тұтқан қара бел,
Ән-күйіне
қосып сені салады ел.
Өлеңімді
мен де саған арнайын,
Кінә тақпай
бүгін қабыл ала гөр!
Ұлдарың көп
арғымақтар ойнатқан,
Жауларына
көк сүңгіні бойлатқан.
Ілтипатты
қыздарың да аз емес
Қылығымен кемеңгерді ойлатқан.
Бәрі-сенен.
Ақиқатқа таласпан.
Ақындарың
ел мақтаны жарасқан.
Шотаныңдай
жүрек жұтқан батырың,
Жаңа жерге
ауа қонар жол ашқан.
Абылың бар
жыр теңізі аумаған,
Талай жерде
Жұрттың жоғын даулаған.
Соларды да
бұл пәниден көшіріп
Шіркін уақыт
құстай ұшып, заулаған.
Өлең-бәйге.
Мен де атымды қосамын.
Тарихтың
абайласам жосағын:
Қаратөбе, сенің
ұлы перзентің
Ақ сұңқардай
жауға шапқан Досаның.
Ұланың көп
ұлағатты сандаған,
Қарап тұрып
соған шексіз таңданам.
Қаратөбе,
қанша өзіңе келсем де
Келбетіңе
құмарым еш қанбаған.
Пейіліндей
қазағымның далиып
Көсіле бер,
Биіктей бер, маң далам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу