26.07.2022
  367


Автор: Бірғали Байекеев

ОҢАШАДА ТУҒАН ОЙЛАР

***
Қимыл керек
Жақсын мейлі жақпасын
Тірлік етер
Бір кәсіпті тапқасын
Ұғымсыздық
Шығармайды ұшпаққа
Құдайым тек
Қамсыздықтан сақтасын.
***
Болса-дағы бір кісідей ұғымым,
Болмаса да бөтен-бөгде қылығым,
Топастардың тәтті асы бұйырмай,
Жалап жүрмін қаспағы мен жұғынын.
***
Жүрсең де ақиқаттын жүрегі боп,
Түсінер басшылардың біреуі жоқ.
Кейбірі әділдікті таптап отыр,
Топастар топ басында тірегі көп.
***
Мықтыны жаратпайды мадақ қылсам
Үлгісін жақсылардың сабақ қылсам.
Індеті іштарлықтың жатар үдеп,
Қолдаушым жалғыз Құдай, қарап тұрсам.
***
Қоғамым күрт өзгеріп, құбылғасын,
Шындыққа тұзақ құрып тұру басым.
Кей әкім төңірегін жарылқауда
Жиып ап жұрағатын, руласын.
***
Ұғынғаны- жел айдаған ұшқан бұлт,
Жаратыпты мін айтуға құштар ғып.
Көре алмайды қас шебердің өнерін,
Жақсы пікір айтқызбайды іштарлық.
***
Болмаса да өн бойында ардан түк,
Көрсетеді ұдайы өзін тарлан қып,
Әкімдердің жандарынан қалмайды,
Тұла бойы тұнып тұрған жалғандық.
***
Көргенде тиын- тебен бас алмаған,
(қиянат қиналмастан жасар надан).
Кей әкім қолдан қойған қуыршақ қой,
Жан нұрын жарқыратып шаша алмаған.
***
Ел алдында құр көлгірсіп ту керер,
Әкімдер бар ақ сұраса су берер.
Бірақ тағы білдіртпейді былығын,
Тауық алған түлкідейін қу келер.
Қоғам озып, өзгерсе де замана,
Жойылмай тұр дәл осындай сүлделер.
***
Күні түссе күледі ағаң болып
Күнгейіне жаныңның таман қонып.
Алдарқатып қағады жауырыннан,
Байқамасаң енеді саған желік.
***
Бере алмайды ештене саған бөліп,
Оза шапсаң жатады аран болып,
Жікшілдіктің өлмейтін жегі құрты
Жүр өзінше керемет адам болып.
***
Жүретін діндарларға қаны қайнап,
«Ар - ұжданым – партия, жаным-айлап»
Дінсіздер қолын жайып күрсінеді
Өткен шағын ұмытып « А, Құдайлап».
***
Шешенде өзі, биде өзі көкірегі
Әркімге білгішсініп өкіреді.
Бетіне мінін айтсаң бадырайтып,
Астына от қойғандай секіреді.
***
Кісілік танытады түріменен,
Еліттіріп өзгелерді үніменен.
Өткізіп айтқандарын айламенен.
Арбап жүр әкімді де тіліменен.
***
Жақсының түсінігі терең келер
(Ызадан көмейіңе өлең келер).
Шындықтың шамшырағын жаққанменен
Жойылмай келе жатыр көлеңкелер.
***
Тура сөйлеп масайрай тұрдым күліп,
Құлақтарға ізгілік ілдім біліп.
Мұны естіген ұялас ұятсыздар,
Жатты сол сәт шындықты қылғындырып.
***
Жөні жоқ жетіп тұрып сұрағанның,
Жымқыру – еншісі ғой ұры адамның.
Дағдарып қалғаныңда демеген – дос,
Бәрі бос жайшылықта бұл адамның.
***
Шабан жүрер бабын тауып делбесе,
Бал татиды бір жұтым су шөлдесе,
Иығыңа нардың жүгін көтерме
Күш-қайратың, дәт-дәрменің келмесе,
Киелі өнер отауына аттама,
Құдай талант, мол қабілет бермесе.
***
Өрт шалса су ішінде жалбыз жанар,
Жөн сөзді түсінбейтін бар қызбалар.
Барыңды ағайынмен бөлісіп іш,
Қимаған ақыр түбі жалғыз қалар.
***
Қарама сен тұрмысыңа күйіңе,
Кісі келсе құшағынды аш иіле.
Су берсенде ашық болсын қабағың,
Қонақпенен құт кіреді үйіне.
***
Тарықпа, қонаққа бер бар асыңды,
Білдіртпе жағымсыз көзқарасыңды,
Қылығын дөрекілеу кешіре сал,
Кеткенше күліп жүрген жарасымды.
***
Жеткізбейді еш мұратқа құр арман,
Нағыз адам өз сөзіне тұра алған.
Ең тәттісі маңдай термен табылған,
Ас болмайды арамдықтан құралған.
***
Бәрі қызық осынау тірлігіңде,
Құдай қосқан ұнатып бірді бірге.
Тек қуаныш жатсыншы жолдарыңда,
Бір де үзік болмасын бірлігіңде.
***
Болмаса да әр адамда ақындық,
Қабақтарда орнамасын қатулық,
Ой мен қырды жалғастырып жатырған,
Темір жолдай үзілмесін татулық.
***
Өзім айтам өз тірлігім жайында,
Үйір емен жеңіл менен дайынға.
О, Жасаған, берегеніне ырзамын,
Осынымнан өле- өлгенше айырма!
***
Түлкіше жымиып тұрады,
Сәлемін сызылтып береді,
Айла-амал мінезде тұрағы,
Өсек сөз, күншілдік- керегі.
***
Өзінше көзі ашық білікті,
Моральға (кіршіксіз) бас иед.
Қарасаң, әрекет, қылығы
Аумаған анайы қасиет.
***
Төбемізде жарқырасын алтын Күн,
Демегейсін ешқашанда «сарқылдым»,
Барлық қазақ бауырындай сүйетін,
Сүйікті ұлы бола білші халқынның.
***
Перзенттерің - егемен ел ертеңі,
Болсын ойлы, қатарының көркемі.
Гүл жайнатсын туып өскен өлкені,
Өсе бесін өнеге мен өркені.
***
Ақ жүрегім әр бір күні жыр күткен,
Тек жақсылық жамырасын тірліктен.
Татулыққа жетпейді ғой ештеңе,
Бір Құдайым айырмасын бірліктен.
***
Шырайыға бәйек боп шырылдайтын,
Өлтірседе өнсізге бұрылмайтын,
Қайран менің қайдасын жиырма бесім,
Шақтан өтіп барамын қырындайтын.
***
Дегенге шөп те өлең, шөңге де өлең,
Ден қойып бұрындары сенбеген ем.
Кәзірде екі адамның бірі ақын,
Көрем де, өрікпімей жөнге келем.
Не керек татымайтын кермек өлең,
Жаныңды жадыратып, емдемеген!
***
Әлі тапшы, қарап тұрсам, дарыным
Әлі қысқа қадамым мен қарымым.
Деп көрмедім уызына жарыдым,
Ізденумен жүріп келем әлі күн.
***
Іңгәлайсың, жетілесің, жетесің,
Балалықтан жастық шаққа өтесің,
Есейесің, егдересің, қартайып,
Бұл жалғаннан тыр жалаңаш кетесің.
***
Басқан ізің ластанып жатпаса,
Өң бойыңа ешкім кінә тақпаса,
Ұрпақтарың өз жолымен аттаса,
Қарсы сөйлеп тура өзіңе шаппаса,
Айтқаныңды жұрттың бәрі жақтаса,
Мақсатыңда ешкім беттен қақпаса,
Көршілерін жата қалып мақтасаІздеме сен одан асқан бақты аса!
***
Қиып түсер кезең емес,
Дәрменсізсің сырқатқа,
Өсиет сөз өзіңе емес,
Өзіңнен өнген ұрпаққа.
***
Уақыт шіркін бір орнында тұрмайды,
Құздан ұшқан қыран құстай зырлайды.
Тірлік жолы тегіс емес тақтайдай,
Өмір деген – бір қуаныш, бір қайғы.
***
Тағдырға қай пендеңде бағынады,
Жастығын ауық-ауық сағынады,
Адамға ғұмыр қымбат бір берілген,
Сондықтан өткіз оны мағыналы.
***
Күн өткізген кекшіл болар өштікпен,
Уақыт зая мағынасыз бос күткен.
Біле білсең өлшенеді өмірің
Еңбекпенен,
Бақытпенен,
Достықпенен.
***
Туған жер,
Тарихың мол дерегің көп,
Қалайын
Кең төсіңде желегің боп,
Таусылмас
Дастаның мен өлеңің боп,
Жарайын
Қартайғанша бір кәдеңе,
Әлі де
Бергенімнен берерім көп.
***
Бір аң бар басы алтын киік деген,
Қуғанға жеткізбеген, иікпеген,
Ұқтырған жүйріктіктің шын бағасын,
Көргеннің мәртебесі биіктеген.
***
Жадырар көңілің үшін жылап жатыр,
Жаз болар тұрса дағы қылаулатып,
Жаныңның әлеміне бұлт түсірме,
Шын досың сүйер сені құлап жатып.
***
Білім деген – жарқыраған Ай- Күнің,
Білімдіге бақ дарытар жай күнің,
Білім деген- шірімейтін дүниең,
Білім деген- таусылмайтын байлығың.
***
Неге керек мін іздемек, сынамақ,
Көзін тікпек ту сыртынан тұра қап,
Ақылды адам әсте бұлай етпейді,
Өн бойынан іздемейді кінәрат.
***
Нағыз достың орны бөлек, ерекше,
Дауылдарда пана болар жел өпсе,
Қимас досың әлде қалай қиналса,
Барынды бер қажетсініп керексе.
***
Өкінішті уақыт өмірінді ұрлайды,
Көз ілеспес шапшандықпен зырлайды,
Жақсылардың аты қалар жадыңда,
Жамандардың аты есте тұрмайды.
***
Пайдаға жүгіреді жел өкпелер,
Еріншекке еңбексіз не деп берер?
Жалқаулар жан қинамас білігі жоқ
Майсыз жілік сияқты көдек келер.
***
Жүретін жамандықты қабылдамай,
От шашып жанарында, жанында арай,
Жақсы адам өзгелерді тыңдай білер,
Сөз сөйлер жұрт тындағанда дабырламай.
***
Қор болмайды Құдайына сиынған,
Кереметті іздеме сен қиырдан,
Тірлігіңе риза бол шақтаулы,
Тағдырың мен бақытыңа бұйырған.
***
Еңбегінді арнамасан елге сен,
Тапқаныңнан жоқ жітікке бермесең,
Жиған байлық неге керек тірлікте
Қызық кешіп мол қайырын көрмесең.
***
Қызықпенен күндегі өмір білінбейді,
Көз алдап төңірегің күлімдейді,
Қамсыз, мұңсыз, қаперсіз қартайғанда,
Тұла бойың қалтырап дірілдейді.
***
Бар қасиет байланғандай кіндікте,
Құпиясы жаубы жоқ кіл нүкте,
Қазақ болып жарытпаймыз ешқашан,
Жарамсақтық жоғалмаса тірлікте.
***
Топастың неге керек жас болғаны,
Досыңның жаудан жаман қас болғаны,
Жігіттің жолы қысқа даңдайсыған,
Байсынып дәулетіне мас болғаны.
***
Құдай берер жоқ - жітікті қолдаса,
Аласталар мұңның бұлты торласа,
Байлық, дәулет неге керек адамға,
Ізгі ниет тілектістік болмаса.
***
Шын өнерпаз сауық құрар тойсыз да,
Қасқыр табар жол азығын қойсызда,
Қорған қылма қоян жүрек қорқақты,
Жау шапса да қару берме ойсызға.
***
Біреулер адамды алалайды,
Жарлыны жан басына санмайды,
Ал ажал, Жаратқаннан бұйрық келсе,
Пендені бай, жары деп қарамайды.
***
Өсерсің сәби болып туғанменен
Ақ бетін қайта кірлер жуғанменен,
Жастықтың қадірін біл дер шағында,
Жігіттік қайта оралмас қуғанменен.
***
Күдікшілге көршісі жау көрінер,
Пәтуалы жөн сөзі дау көрінер,
Суыққол сұғанаққа ұрыл - кәсіп,
Еріншекке төбе де тау көрінер.
***
Ұмытпа Адам деген ұлы есімді,
Тазартып уақыт жиған күресінді,
Сайлап ал өз орныңды бұл өмірден,
Алып қал өткен күннен үлесінді.
***
Қорлық кешер тірі жанның қамсызы,
Қолға түсер жауынгердің аңсызы,
Тойынғанда туысын да танымас,
Ол – адамның ең бейшара әлсізі.
***
Жігіт болсаң, көкіректе сыр сақта,
Ашық ауыз алжасады мұрсатта,
Сүтпен біткен сүртілмейді санадан,
Мінез-құлық қалыптасар құрсақта.
Қояр тірлік иығыңа жүк артып,
Тұрар жолың шыққанынша мұнартып,
Жақсы ас үшін жалпақшешей болғаннан,
Арды сақтап аштан өлген мың артық.
***
Түсірмесе бесті асауды құрыққа,
Бас имесе әдеп пенен ғұрыпқа,
Жарымаса жақсы мінез - әбестік,
Келсе – дағы қылшылдаған қырыққа.
***
Жігітсу мін болмасын арыңызға
Сеніңіз барыңыз бен жарыңызға,
Сұлуға сұқтанбаңыз егдерген соң,
Алыстан көз тігіңіз кәрі қызға.
***
Қарап тұрсаң, жаңа да ескіреді,
Өмір мәнін бұл пенде кеш біледі,
Жылжыған әрбір жылдың өзі – мектеп,
Болса да қанша ақымақ тес кіреді.
***
Біліп айтса бәзбіреу үндемегін
Озып жатса көршіңді күндемегін,
Жуас деп жолдасыңды жүндемегін,
Бойынан кінә тауып, күндемегін.
***
Сұрайды күйің жайлы, қалтаң жайлы,
Байсынып базарларда мал таңдайды,
Саудагер ішкенге мәз жегенге тоқ?
Түйдей қоң жинаған талтаңдайды.
***
Сезімтал, сергек адам семіз болмас,
Түйе туып ботасы егіз болмас,
Қотыр ат көші-қонда көлік болмас,
Қорада қамақ бұзау өгіз болмас.
***
Қатқыл сөз ағайынға ауыр болар,
Естігенге тәтті сөз тәуір болар,
Сәйгүліктін қолыңда бағасын біл,
Баптамасаң, болдырып, жауыр болар.
***
Жол сорабын аңшының аты білер,
Ел жадында жақсының хаты жүрер,
Әл кеткен соң әрекет неге керек,
Қартайған ит үйшікке жатып үрер.
***
Қас топас үйренбейді «біл» дегенмен,
Қағылар сыбаға мен жүлделерден,
Қас жаман тез қартаяр күтінбеген,
Мезгілсіз солып тынар «гүлдегенмен».
***
Тірлікте басы ашық жайт сақтандырар,
Жақсы ақын атанып жүр жаттандылар,
Өнерде өлермендер алға шықты,
Дәп шықты дарындыға қақпан құрар.
***
Жасқа жөнсіз көсемсу жетілгенше,
Қартқа ұят жас жігіт секілденсе,
Бастан ойла байыпты, парасатты,
Кейіннен қателесіп өкінгенше.
***
Жақсымен жақсы арманға бірге бойла,
Теңіңмен тіршілікте күлде ойна,
Абай бол айтқан сөзге, айналайын,
Демеймін «көрінгенмен тілмен ойна».
***
Қонады құс атаулы құрықпенен,
Досыңды риза қыл сыйлықпенен,
Ретсіз қыз қырқынға қырындама,
Жұбайлар қосылады бұйрықпенен.
***
Ілтипат тас жүректі жандыра алар,
Көңілдің шөлдегенің қандыра алар,
Өмірің қас қаққанша өте шығар,
Асыл сөз, мақал-мәтел мәңгі қалар.
***
Түк бітірмес құр босқа тақылдаған,
Жәркөйсіп шекпендіге жақындаған,
Үндемей іс тындырар, үлгі тастап,
Кейінгі ұрпақтарға ақылды адам.
***
Мал жоқтығы білімдіге батпайды,
Білімді адам байлыққа көз сатпайды,
Даналардың жазғандарын жаттайды,
Әділдікпен адалдықты жақтайды.
***
Кісілік – барға тойып ісінбеген,
Қабағын болмашыға түсірмеген,
Тірі адам – үлгіліні ұғып алған,
Өлі адам – жөнді сөзге түсінбеген.
***
Мәнді өмір өн бойына шабыт берер,
Жүректің шамшырағын жағып берер,
Ана алдында парызын ұмытпаған,
Арқалап Меккеге де барып келер.
***
Шын жаман асыл болмас мадақпенен,
Ауырар жолдас болған салақпенен,
Өмірдің шеруінде азап шегер,
Дос болған жас кезінен арақпенен.
***
Ақыл – серік, түсіп қалсаң қыспаққа,
Құпия сыр жату керек іш жақта,
Адамзаттың бар байлығы – еңбекте,
Білім ғана шығарады ұшпаққа.
***
Бұл өмірде болмаса егер сенерін,
Биліктегі мал мен ақша берерін,
Қиындықтан құтқарады талантың,
Екі жақтап алып шығар өнерің.
***
Арғымақ аламанда алдырмайды,
Жонына бір қамшы да салдырмайды,
Ақылды айтысса да аңдап сөйлеп,
Көңілін еш адамның қалдырмайды.
***
Ілтипатты арылмас ізетті ойдан,
Қатесін бойындағы түзеп қойған,
Орынсыз сөйлегеннің оқасы көп,
Ең абзалы ауызға күзет қойған.
***
Болған да шалда – билік, ерде – білік,
Тұрғайда адам біткен демде күліп,
Ел үшін еңбек етіп ержетпесең,
Кеткенің жақсы емес пе жерге кіріп.
***
Қыран құс жемтігіне шүйіледі,
Қыз бала қызыл – жасыл киінеді,
Шын сүйген туған жерге тағзым жасап,
Маңдайы тигенінше иіледі.
***
Сыр берер қиындыққа сыналмаған,
Сертке осал уәдеде тұра алмаған.
Жігерсіз жалыны жоқ жігіт емес,
Жасында сауық – сайран құра алмаған.
***
Арақтың мастығынан
Ақшаның мастығы жаман,
Арақ масы тез сауығады,
Ақша масы маңайымен жауығады.
***
Кілауыз жан кінәсізді қарғайды,
Уайымшыл құтты күні зарлайды,
Күншіл адам жақсыға көз салмайды,
Жақсы кісі жаман іске бармайды.
***
Күдікті адам көрінеді көзінен,
Білікті адам білінеді сөзінен,
Ойлы адам жалғыздықты сүйеді,
Оңашада сырласады өзімен.
***
Өле қалсаң,түк емессің, бекерсің,
Кебінменен ақиретке жетерсің,
Жұмақта жоқ, тозақта жоқ ол жақта,
Топыраққа араласып кетерсің.
***
Бергенмен уәдеден таймасына,
Салады амалы мен айласына,
Саудагер сыпайылық сақтап тұрып,
Шығады тек өзінің пайдасына.
Шүкір ынсап - қанағаттын қазығы,
Тәулігіне бір үзім нан- азығы,
Аз жегеннің ауруы да аз болар,
Ашқарақтың астан болар жазымы.
***
Баққаның шаруада түлік болар,
Үй сәні асыл жиһаз, мүлік болар,
Жан – жүйең кісіліктен адал болса,
Байлығын ойран – ботқа, бүлік болар.
***
Кей кезде қара болар ақ дегенің,
Жоғалар ізім – қайым тап дегенің,
Қарап тұрсаң, өткінші көрген түстей,
Көктемгі бұлт сияқты бақ дегенің.
***
Тірлікте төс қағасын, ұрандайсың,
Ән – күйсіз сауық – сайран құра алмайсын,
Жисаң да дүниені тең-тең қылып,
Байлықты байлап ұстап тұра алмайсын.
***
Бағбанды бауда көресің,
Батырды жауда көресің,
Дәукесті дауда көресің,
Арқарды тауда көресің.
***
Жамағат жақсы адамды бас қылады,
Үміт қып үлкен міндет тапсырады,
Аңдыған абайсызда қас қылады,
Ауру да түнге қарай асқынады.
***
Жетпесе де дегбірсіздің шыдамы,
Еске тұтсын мынаны,
Асығыстық арандатып тынады,
Қапылған іс қате болып шығады.
***
Тіке айтудың түкке де жоқ керегі,
Аңқау адам не айтсада сенеді,
Қасқыр менен қасқыр болған қауіпті,
Айлаң жетсе арыстанда көнеді.
***
Мадақ болар үлкеннен де жастан да,
Төбең жетер тәтті сөзден аспанға,
Халқын қолдап шың басына жетсен де,
Құрметті көтере алмай мастанба.
***
Көкке апарар армандарды аңсаған,
Көк келтірер шуақ пенен таң сәнін,
Болмашыға қалғып кетпе тойынып,
Сабырлы бол өскен сайын мансабың.
***
Өлсең-дағы ар-намысты саттыртпа,
Ішің берме дүшпан менен жат жұртқа,
Сырт адамның пиғылына түсінбей,
Дандайсыма атақ пенен дақпыртқа.
***
Неге керек құр жағыну, асатпақ,
Бағы тайса арт жағынан тас атпақ,
Қартайған соң қабілеттен қайран жоқ,
Жасарыңды жас кезінде жасап бақ.
***
Әдепті жан үлкенге басын иер,
Еңбекқор жан табысты тасып үйер,
Құр ақылды естіге айта берме,
Көп қайнаған қазанның асты күйер.
***
Шыдамды от жандырар шоқты үрлеген,
Тау бұзар жігер-күшін өткірлеген,
Ағайын жаттан жаман жырақтағы,
Үйіне бір-бірінің көп кірмеген.
***
Жарқырау Айға жарасады,
Жомарттық байға жарасады,
Саналы сөзбен санасады,
Пейілді жоққа қарасады.
***
Мойыма мойыны жуан жасқағанға,
Мәз болма молдан үлес тастағанға,
Жұмыста жалтақтамай өзіңе сен,
Бәрі қиын жұмысты бастағанда.
***
Жарымайсың бөліп берген жартыдан,
Құлан көнбес бұғалыққа тарпыған,
Халал малдың азық болар барлығы,
Арам малдың азап келер артынан.
***
Жалқау іске ерінер,
Билік қолға тисе де,
Сұлу сұлу көрінер,
Көне киім кисе де.
***
Батыр қол бастайды,
Ұстаз жол бастайды,
Ақын жар бастайды,
Наурыз жыл бастайды.
***
Ақын щындық өмірдегі мазасыз:
Соғыс біткен жай өтпейді қазасыз,
Жақсылықтар жарылқайды адамды,
Құр кетпейді жамандықтар жазасыз.
***
Барлық бәле басқа келген арақтан,
Тәуелді етіп тек өзіне қаратқан,
Харам астың қатері көп артында,
Халал асты бұйрық қылған Жаратқан.
***
Сақ сындырмас өмірдегі сынаққа,
Жұмыс жаса жаныңменен ұнатта,
Тірлік мәні- тастай қатты тәуекел,
Қызық қуып, бет алдына лақпа!
***
Үлгі көрген үлкенге бас көрсетер,
Сотқар бала ойнаса, тас көрсетер,
Қартаймаудың себебі – екі-ақ нәрсе:
Жақсы мінез, жақсы сөз жас көрсетер.
***
Кек тұтпадым дұшпанымның айтқаның,
Шын кешірдім алдағаның, сатқаның,
Барымменен татулыққа тырыстым,
Бірақ... бірақ достық пейіл таппадым.
***
Жеңілмейсіңм жедел істе табылсаң,
Сарғайасың ұзақ уақыт сағынсаң,
Еске ұстағыш қабілетің жоғалар,
Тәуекелде тауың қайтып, жаңылсаң.
***
Шын ғашықтар бірін-бірі қимайды,
Айырылса да ынтығуын тыймайды,
Қайда жүрсін бірін-бірі қадірлеп,
өле - өлгенше жақсы көріп сыйлайды.
***
Қонақ келсе, қабақ шытпа тарылып,
Ашу келсе бұрқырама жарылып,
Шаман келсе, қайырым ет әлсізге,
Жомарт жанға жоламайды кәрілік.
***
Барар тауын тұрса дағы мұнартып,
Сапарға шық бел майысар жүк артып,
Қалтырайтын жаман тайлақ болғаннан,
Қайыспайтың жампоз болған мың артық.
***
Кей әкім көзі түспей күпінеді,
Бүлініп, ыдырайды бүтін елі,
Халқының игілігін талауға сап,
Байлығын бөрідей жеп, бітіреді.
***
Көңілдерге алтын шуақ төккізіп,
Маңайыңа тек жақсылық жеткізіп,
Жұбыңменен бақытты бол мәңгілік,
Әр күніңді шаттықпенен өткізіп.
***
Мінездіні Құдайым да қолдайды,
Тағдырына тек жақсылық жолдайды,
Ұғыспаған, шығыспаған оңбайды,
Кесір қылық, қатыгездік – зор қайғы,
Тіршілікте түсіністік орнаса,
Бұл жалғанда жаман адам болмайды.
***
Көздерінен ұшқын – от атып тұрар,
Дүниенің ажары – бақыттылар,
Жақсылықтың таңдары ата берсе,
Зұлымдықтың қарасы батып тынар.
***
Өсек сөзге ұлағым кереңірек,
Ойлы сөзді тыңдаймын тереңірек,
Адамның әңгімесіз күні қараң,
Бәрінен тұғынысу керекірек.
***
Жақсылар жылпостарға алданып жүр,
Жылпостар жақсы атақты малданып жүр,
Бассыздар бастықтарға жалғанып жүр,
Алғырлар ай далада мал бағып жүр.
***
Іңгәләйсің, жетілесің, жетесің,
Балалықтан жастық шаққа өтесің,
Есейесің,Егдересің,Қартайып,
Бұл жалғаннан тыр жалаңаш кетесің.
***
Жалтақтап өскен ботамын.,
Жегенім тікен, от әнім,
Мінезім дауыл теңізбін,
Шайырым – шағын Отаным.
***
Тарықпа қонаққа бер бар асыңды,
Білдіртпе жағымсыз көз қарасыңды,
Қылығын дөрекілеу кешіре сал,
Кеткенше күліп жүрген жарасымды.
***
Сақтадым дәстүр-ырымды,
Бабадан жеткен бұрынғы,
Арнадым саған туған жер,
Іштегі жұмбақ сынымды.
***
Өсіп шықса өнегелі өз қаның,
Бағың асып, бұл жалғанда озғаның,
Жалғасыңнан көре алмасаң жақсылық,
Жасың жетпей күні бұрын тозғаның.
***
Адам емес адамды алалаған,
Сөз ішінде өсек пен жала жаман.
***
Махаббатта мәңгілік бар, сенім бар,
Шын сүйгенге көне-тұғын жөнің бар.
***
Жүрейік жарқыратып нұр шындықты,
Кісілік қазығымыз тұрсын мықты,
Жалғанда жарастықты жарық етіп,
Тастайық қараңғыға күншілдікті.
***
Көңілдер қашқан құстай бөлінбесін,
Қысастық арамыздан көрінбесін,
Жікшілдік жігіттіктің жұлын құрты,
Жұрт болып жарытпаймыз жерінгесін.
***
Өзектес бақай сұмдық, есеппенен
Өрісті кеңітпейді өсек деген.
Хас тұлпар аламанда дара келер
Жұптаспай митыңдаған есекпенен.
***
Өнер деген-тұтынатын байлығың,
Өнер барда жеңіледі қайғы мұң.
Қиындықтар болса болсын, алайда
Басымыздан кетпесін тек жайлы күн.
***
Адам деген өмірде пелде-пелде,
Кемшіліктен құр емес ешбір пенде,
Кісілікке татиды үлгі ұстартып,
Бір пайдасын тигізген қалың елге.
***
Жолығыссаң, көмек жаса бір кемге,
Теріс қарап көзді жұмып, бұркенбе,
Мүскін жанды мүсіркемеу жалғанда,
Жараспайды есі бүтін үлкенге.
***
Ей, ағайын, ел тағдырын, заманды ұқ,
Алдыменен асқақтасын адамдық,
Жақсылықтың жиі көтер жалауын,
Өйтпесеңіз дендей берер жамандық.
***
Біреу жалалы
Біреу жаралы
Тимесе залалы,
Батып қатты сөз айтпа,
Болсаң егер саналы.
***
Ұрыс болса, жеңіс әкеп сапардан,
Батыр жігіт келер алғы қатардан.
Алтын жанды арғымаққа мінсе де,
Қалтырауық бола алмайды қаһарман.
***
Аштықтың бізге мәлім талайы,
Кейбірінң нұрға толы маңайы,
Кейбірінің ашықтығы жасанды,
Жан әлемі тым дөрекі, жабайы.
Болса ақылды ашықтығың-шырайлы,
Болса ойсыз ашықтығың-анайы.
***
Айып емес болса айтушы батымсыз,
Сырын ұққын таяу барып жақын сіз,
Ең жаманы-ауыздығы сөз бермей,
Шатты-бұтты әңгіме айтқан татымсыз.
***
Құс секілді кеудеге кеп қонған ән,
Күйге бөлер бұрын-сонды болмаған,
Шабыт деген жиі келе бермейді,
Ұзақ күтсең қалдырады олжадан.
***
Неге адамдар бірін-бірі алдайды,
Сан құбылтып жеткізеді мән жайды,
Өсек деген нағыз қырсық өлмейтің,
Қайда барсаң, қыр соңыңнын қалмайды.
***
Асықтырып жетелейді алғы күн,
Аңсау керек, аңсау керек барлығын,
Ізгілік пен бақыт болсың мұратың,
Кісілік пен тура тартсың даңғылың.
***
Қызымет ет мойныңы жүк артып,
Талпынып өс талапты іске құмартып.
Тегін жемге тоқ сұқылтай болғаннан,
Талмас қанат сұңқар болған мың артық.
***
Бірден-бірге жалғасып кеткен ұзын,
Жалған сөздер-жан соры-жеткен ызың.
Күнәһарлық жасасаң, көлгірсіме,
Өтірікпен өшпейді өткен ізің.
***
Жігердің жүзі айтады,
Жігітті жиі қайрама.
Аталар өткен айтады:
Әмбебап болма айлаға.
***
Қиыңға сал ұлыңды,
Бойына қаны тарасын.
Қаталдық пен аямай
Өсірер қыран баласың.
***
Ширақ адам ашық келеді,
Пайда жолын ашып береді,
Жалқау адам жасық келеді,
Қиындықтан қашып келеді.
***
Босағаны арамдықпен аттама,
Бейкүнәні балағаттап, даттама,
Бейтанысқа барында айтып, сырласпа,
Басбұзарды жұбауратып мақтама.
***
Әділер күштіміз деп талтаңдайды,
Гөйлердің өзің жайлы қалтаң жайлы,
Алайда әлділерден күштісі жоқ,
Адалдықты ұстанған жан таңдайды.
***
Пікірді туғызады көзқарасың,
Ал пікір туғызады ойталасын.
Ойталас қайшылыққа апарады,
Шындықтың қылғындырып бір парасын.
***
Басымыздан өтіп жатыр көп қызық,
Мақтанамыз кейде соған ет қызып,
Байқау қиын бойындағы мініңді,
Басқа біреу айтып берер жеткізіп.
***
Ешкімге де ұтыс келмес ұрыстан,
Ең дұрысы-татулыққа тырысқан,
Ұрысқанның бірі-ақымақ асылы,
Екіншісі-ар ұяттан шығысқан.
***
Бесік баққан тербетеді,
Есік қаққан төрге өтеді,
Ешкі баққан терлетеді,
Өсек баққан кері кетеді.
***
Саналы жан сәуле құяр сәуеге,
Қолын созбас, көзін жұмып әуеге,
Жақсы адам жеміс ағаш секілді,
Өз ғұмырын толтыратын мәуеге.
***
Әп дегеннен құлай кетпе үніне,
Ғашық болма жылтыраған түріне.
Кісілігін алдыменен есепке ал,
Жіті қара жүрегіне үңіле.
***
Өкпелетпе өнерге әуес кісіні,
Мейлі бөтен, бет пейнесі, пішіні,
Дүниеде әсемдік көп алайда,
Ең сұлу-әйелдің тоқ мүсіні.
***
Біреу көктер біреудің тілегімен,
Рең тартар жақсының реңінен,
Шаңырақта шуақты шырақ маздар
Шын тілекті қонақтың жүрегінен.
***
Боламын маңайыма ұдайы алаң
Болмаппын бұған дейін бұлай алаң,
Кілті не кісіліктің? Айтайын ба:
Аумаған ақиқаттан-шынайы адам.
***
Жүрме арқанды күнге қарай қаратып,
Қадамыңды шабандарға санатып,
Алдыменен алтын шуақ сүймесең.
Көлеңкелі қап қойасын күйде сен.
***
Деді де: «Пышақ – қолда, несіп-алда»,
Қасапшы қимылдады есі малда.
Сол сәтте қой аяды союшыны,
«жарқыным, саусағынды кесіп алма!»
***
Құштарларға елеулі мін кешікпек,
Білім қусаң сен ашатын есік көп,
Алайда оның кілті жалғыз ашатын,
Тауып аш та, қиындықты кешіп кет.
***
Өлең жазып ақынмын деп қоқиды,
«Шабыттының» ошағына от үйді,
Теңге төлеп тұңғыш жинақ шығарған,
Туындысын өзі ғана оқиды.
***
Шаршасада тым миын,
Қиянатқа шын күйін,
Әділ сөзден айныма,
Тіл сүрінсе тым қиын.
***
Бар тәуірге асықпа,
Бақыт бірден болмайды,
Байлық, дәулет тасытқан,
Бақ та бірден қонбайды.
***
Кейде суып, кейде оттай жанамын,
Кейде шабан, кейде жүйрік қаламым,
Тірлік деген тасып, қайтып тұратын,
Толқын ұрған теңізбе деп қаламын.
***
Қап қойсаң озған топтан тым жасыма,
Құлазып, шағым айтпа мұңдасына
Барады биіктерге санулылар,
Көп барса сыймас еді шың басына.
***
Еңбек пен әр адамға бақ келеді,
Бақ келеді, абырой ап келеді,
Тірлікте көп ұйықтама қимылдап қал.
Оңсыз да мәңгі ұйықтайтын шақ келеді.
***
Туғызуға көшкінді,
Титімдей тас жетімді,
Жан сезімі адамның,
Сол биік тас секілді.
***
Жігерсіз адам бор кемік,
Жан қинауға жаралмас,
Тырысқанмен «желденіп»,
Талапсыз таққа бара алмас.
***
Біреу сыртыңнан жасырып мақтайды,
Біреу көзіңше асырып мақтайды,
Алғашқысы сатпайды,
Кейінгісі жақпайды.
***
Еленер елге жақса ердің ісі,
Сыйланбас төресіңген шенді кісі,
Күңшілдің көкірегінен қара түнек,
Тас жапқан жарықырақ көрдің іші.
***
Түрі қара болғанмен
Сыйлы інімнің іші аппақ,
Түсі қара болғанмен,
Сиырымның сүті аппақ.
***
Ауқаттандың, «өсті» деді ел сені,
Дандайсыдың жұтпайтыңдай жер сені
Өзін кеттін, байлық қалды артында
Бола алмады бар бақыттың өлшемі.
***
Түк таланты болмаған
Қауһарсыз, кәрі шалмен тең,
Қашықты болжап, шолмаған,
Қорада тұрған малмен тең.
***
Жастық қиял бұлқынады, тасады,
Ғарыш көкке кең құшағын ашады,
Арман деген аспанда емес ағайын,
Жер бетінде тек жүзеге асады.
***
Әркімдер сыр сездірер сөз берген соң,
Құмартар әсемдіке көз көрген соң,
Сұлулық таңда тұнған шық сияқты,
Кетеді ғайып болып егдерген соң.
***
Сұрапыл күш – сұлулық,
Сүйсіндірсе сапасы,
Құр сұлулық ақылсыз
Қалыңырақ қапасы.
***
Өмір деген- алқап емес гүл өскен,
Өмір сұлу еңбекпенен, күреспен.
***
Қабілетің – асыраушының тіренер,
Үйренсең де аздық етпес мың өнер.
Сен өзіңді тым қажетсіз сезінсең,
Өміріңнің тоқтағаны, біле бер.
***
Жазу, жазу.... Жалығуды білмедім,
Әрбір күні хабар іздеп жүргенім...
Уақыт деген – алтыннан да қадірлі
Ең қымбатты капиталым бұл менің.
***
Талай өттім қиындықтың тезінен,
Қалай екен?! Әлі соған кезігем.
Саусақтарым қаламынан кешіксе,
Өз-өзімді қылмыстыдай сезінем.
***
Әйеліңнің төсі қайқы,
Ерні сүйірлеу болмасын,
Тым ләззатты нәрсеге
Тым үйірлеу болмасын.
***
БАҚЫТ деген- өте шығар түс дейді,
БАҚЫТ деген-келіп қонар құс дейді.
Бізше, БАҚЫТ –Жаратқанның сыйлығы,
Ал Жаратқан өз дегенін істейді.
***
Жастайыңнан үйір болсаң керіске ,
Әрекетің шықса теріске.
Қандасыңа жібімесе жүрегің,
Шыға алмайсың адамшылық өріске.
***
Заманым тұр күнде қырық құбылып,
Біле алмадым әлі сырын ұғынып.
Арманым жоқ жазарымды тауысып,
Жұмыс үсті кетсе көзім жұмылып.
***
«А»- Адамның
«Н»- Нағыз
«А»-Асылы.
Өтті дейді біреулер
Еркектердің ғасыры,
Жаңа дәуір әйелге
Жатыр дейді бас ұрып.
Айтпайықшы асығып,
Айтпайықшы ашынып.
Әйелдерсіз күллі әлем
қалар еді шашылып.
***
Елу деген-кәріліктің жастығы,
Қайта-қайта еске түсер жас күнің,
Тоқсан деген-терең апан тас түбі,
Жүзді берме, болмаса егер қастығың.
***
Асыра-асыра ас жесең,
Артынан жер өзіңді,
Жар еместі жас десең,
Тыңдамас ешкім сөзіңді.
***
Ана тілі сүт татиды,
Мейірленіп тоясың.
Оны қалай қоясың,
Кейбіреулер
«Ошақ пенен отбасының
тілі» дейді тұқыртып,
(Ойламайды күпірлік),
Мінберлерде өзге тілмен
Сөз сөйлейді құтыртып.
***
Ал мен үшін отбасы-Отан,
Тоқетері пікірдің:
Ана тілін арсынатын
Арсыздарға түкірдім!
***
Тұрпайы адам қара күшке сүйенер,
Жиркенішті, олқы ортаға жиі енер.
Зорлық пенен қорлық оның серігі,
Тауқыметті туғызуға пионер.
***
Кінәмшілдің ісі ұдайы жасырын,
Ізі бұлдыр, сөзі көлгір, қасы түн.
Шынайының айтқан сөзі жария,
Жүзі ашық, жарқыраған басы Күн.
***
Шекара өтті дегенше,
Елге жетті десейші,
Теңіз кепті дегенше,
Селге кетті десейші.
***
Азапты бейнет кешкендер
Ұтылып жатыр, жеңіліп
Шенеунік болып өскендер,
Қырттар жүр оңай семіріп.
***
Біліміне лайықты, сай талап,
Қайраттылар күшін сында байқамақ
Талантсыздар тура тартып жол салмас,
Жүрер ілбіп, тек біреуді қайталап.
***
Жұмыстың керегі жоқ әл бермеген,
Жастық шақ көп нәрсеге мән бермеген,
Көз сатып шал болғанда сый дәметпе,
Атақтың бәрі бекер ел бермеген.
***
Асса – дағы өзгелерден,
Тасса-дағы дуылдаған базарың,
Тойса-дағы дүниеге назарың,
Көп болса да кейінгіге жазарсың,
Хабар салмай, көңіліңе қарамай,
Тұтқиылдан келіп жетер ажалың.
***
Тұрса-дағы үлкен – кіші мадақтап,
Жүрсең-дағы мақтанғанға далақтап,
Қадамыңды сақтықпенен санап бақ,
Жан-жағыңа жітілікпен қарап бақ,
Астамсысаң, абыройды жұтатып,
Ажал кетер бәрін түгел адақтап.
***
Нағыз достың орны бөлек, ерекше,
Дауылдарда пана болар жел өспе,
Қимас досың әлдеқалай қиналса,
Барыңды бер қажетсініп, керексе.
***
Түсірмесе бесті асауды құрыққа,
Бас имесе әдеп пенен ғұрыпқа,
Жарымаса жақсы мінез-құлыққа,
Ол адамнан иман күту –әбестік,
Келсе-дағы қамал бұзар қырыққа.
***
Мал жоқтығы білімдіге батпайды,
Білімді адам байлыққа көз сатпайды,
Даналардың жазғандарын жаттайды,
Әділдік пен адалдықты жақтайды.
***
Текті қуғанның туысы көп болмайды,
Кекті қуғанның арты жоқ болмайды.
***
Таза жеміске құрт үйір келеді,
Таза адамға жұрт үйір келеді.
***
Жоғыңды елден сұрағанша жерден сұра.
***
Жоғалмайды жанашыры бар өнер,
Жоғалады көкжиегі тар өнер.
***
Уды көрер араның да балынан
Арам ниет адамдардан жалығам.
***
Ащы сөз бен ашудың тек туысы –
Ашынғанға тек туысыАшынғанға үндемеген дұрысы.
***
Кәрілік –киімге тиген шаң емес қағып тастайтын,
Өсек-отынға қойған тал емес, жағып тастайтын.
***
Дос пейілі құшақпен өлшенеді,
Дұшпан пиғылы пышақпен өлшенеді.
***
Жастық шақ –наркескеннің жүзі секілді,
Кәрілік-наурыздың мұзы секілді.
***
Сынға жанаспайтын сын – түтілмеген жүн.
***
Есті әйелдің алдында еркектің ерсі мінезі жоғалады.
***
Білте күнге айналар жана берсе,
Байлық бітіп, таусылар ала берсе.
***
Шайыңды ішіп отыр,
Сыртыңнан тон пішіп отыр.
***
Тіміскілеген тоқ жүреді,
Кісілігін жеп жүреді.
***
Өніксіз сөз жазылған қағаз-өлі қағаз.
***
Тәйтікті ажар құртады,
Теңгені базар құртады.
***
Орның олқы көрінер отбасынсыз,
Қолың олқы көрінер топ басынсыз.
***
Тамшы да өткір ақ тасты тесіп кетер,
Қамшы да өткір осып кетер.
***
Алдыменен ойлап ал бала қамын,
Бозторғай да баулиды балапанын.
***
Нарық нар етіп шығарады,
Жоқты бар етіп шығарады.
***
Шыдатпайтын махаббатқа обалым,
Сүйгенімсіз тұл қалғандай боламын.
Ұлттың жылағаны-атақоныстан ауғаны,
Бұлттың жылағаны- ағыл –тегіл жауғаны.
***
Қарумен атқан оқ бір атылады да, кетеді,
Қаламмен атқан оқ ақыр түбіңе жетеді.
***
Дәулет біткен жігітке тоба болған жарасар,
Елін сатқан жігітке мола жарасар.
***
Жұп болғанға не жетсін сыңар болмай,
Қыз өспейді қызылға құмар болмай.
***
Айтар менің қауіпімСынбасын мінез сауытың.
***
Жадау інгенді қайту қиын,
Қас жалқауды байыту қиын.
***
Ең мұңсыз адам – еңбектен абырой алған адам,
Ең құнсыз адам – жұмысынан айырылып қалған адам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу