Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  102


Автор: Мейрамбай ҚИБАСОВ

Ей, халқым, барыңды сен абайлағын...

Ей, халқым, барыңды сен абайлағын,
Жоғалтпай ер мінезін, талайғы арын,
Үстемдіктің бұғауын үзбек үшін,
Екі рет көтерілді адайларым.
Содан бері қаншама су ақпады,
Сарқылмай, таусылмай-ақ қуат, нәрі,
Қамалға басып кірген, естілгендей,
Сарбаз мінген тұлпарлар тұяқтары.
Болмаған боздақтардың бос арманы,
Бір сабақпен байланған қос арманы,
Көз алдыңа әкелер, қол бастаған,
Халықтың Иса және Досандары.
Емес ерлер желөкпе сезімге ерген,
Қаймықпауын-темірдей төзім дер ме ең.
Ақкетігім, басыңда бағың бар-ау,
Арыстан жал арыстар көзін көрген.
Іңкәр сезім жүректе тасып-толған,
/Әттең, әттең, өкініш тосыпты алдан/
Түрмеде кешірімсіз үкім шықты,
Қайыпқа, Ақбөбекке ғашық болған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу