Өлеңдер ✍️
АДАЙ ТЕГІ ТУРАЛЫ
Бүл шежірелік толғаудың толық нұсқасын жаңай Жанжігіт Қосназаров жырау біледі екен. Амал не, барлығы да сол марқұмның өзімен бірге кете барды. Төменде жырдың жыршы-жыраулардың есте қалғандары ғана жарияланып отыр.
Мен Балтабастың Түмені,
Бәйбішеден руым.
Алыстан сөзді бастайын
Ескіден түйген деректі
Ұрпағыма тастайын.
Алуан-алуан жүйрік бар
Әркімнің де өзінің
Әліне қарай шамасы.
Шабылып тұрған шаршыға
Талайлардың бар шығар,
Тайы менен танасы.
Алшында жүйрік атанған,
Әбубәкәр Кердері
Жетірудың Тамасы.
Қалынып тұрған қазақта
Қарттардың бар-ды шаласы.
Тарихтың тағы бар,
Талай жерде таласы
Он алты ата жер екен
Әнестен қазақ арасы.
Қазақтан өнген халық едім,
Алты санның Алашы.
«Алаштап» ұран шақырып
Алашұбар ту ұстап
Ақсақалдар бата еткен –
Бұрынғыдай болмасын
Көңіл мен көздің аласы
Қазақтың қазақ болған жер
Мың жарым үйге толған жер
Сырдария, Семейдің
Сырт жағында даласы.
Құрама өзен Құрсайдың
Құндызға құйған сағасы.
Жайлаған жері жазды күн
Шағалалы Шалқардың
Шалғын шыққан жағасы.
Құлалы бие құлындап
Ортаймаған сабасы.
Қоңырат, Тәшкент, Қоқанмен
Хиуа, Үргеніш, Бұхар боп
Баратын базар-қаласы.
Аттылы жолы алты күн.
Бір айда зорға келеді,
Жүкті түйе қалашы.
Таққа мініп тәж киген,
Бай-падиша, хакім-хан
Халқының аты қарашы.
«Адайда әке жоқ, – деген,
Әкеге Адай тоқ» – деген,
Жамандардың және бар,
Жауып жүрген жаласы.
Әкеміз Адай туған жер
Кіндігін кесіп буған жер.
Шағыра, Шаңдақ, Алғый, Нұр,
Төртеуінің арасы.
Құндағы жібек қара құс
Бесік еткен белгісі
Бұралып шыққан бұтағы
Гүлдеп шыққан көгеріп
Жанның жалғыз ағашы.
Сол жерде екі түн жатты,
Айнала төрттей күн жатты
Жас ұланға жар болған
Жалғыз Алла – панасы.
Залалды заттар сақтаған
Хызыр-Лияс бабасы.
Азан айтып ат қойған
Әспембет-Арғын данасы.
Төрт ата жері төренің
Ұлы жүздің Үйсіні.
Атақожаның Елтайы
Көңілдескен көрші екен.
Қызға артық бағасы.
Байдың қызы Қанбибі
Адайдың туған анасы.
Көзімен көрген бұларды,
Есентемір атанған
Тәңірберген Тағашы.
Сол себептен Адайға
Байұлы болады нағашы.
Адай деген ауылдың
Аталығы ұлы Жүз,
Аналығы Кіші Жүз
Ұзын сөздің сарасы.
Руға ұран атанған
Ішінен Бекет Пір шыққан.
Жезтырнақты кескілеп
Таутайлақты өлтірген
Есекмерген ер шыққан.
Әуелден Алла жаратып
Артық екен өзгеден,
Байқағанда бағасы...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter