СӘТТІҒҰЛ АҚЫНДЫ ҚҰТТЫҚТАУ
Құрметті күнін құттықтап,
Халқымыз келді қартына
Ол шығады сексенге
Алдағы жылдың мартында.
Ажал келсе амал не? –
Өлшеулі өмір шартына.
Жазылған жырың жайылды
Жетіру, Әлім, Байұлы
Орта Азия халқына.
«Таңдайы тайпақ шешеннің,
Қалады сөзі» деген бар
Кеткеннен кейін артына.
Ай менен күндей жақсы ортақ.
Ағайын туған, қарындас,
Жаратылған жалпыға
Сағыныш сәлем хат жазып,
Алыста жүрген халқыңа
Тұрғанда жетпіс алтыда
Жалған айтып жаранып.
Ертедегі елдердің
Кетпедің түсіп салтына.
Азамат ерлер түсінер,
Айтылған сөздің парқына.
Әркімдер де шауып жүр.
Өзінің шама-шарқына.
Артық кемі білінер.
Түскен күн топ пен шаршыға.
Оқтан өткір сөзің бар.
Қырағы қыран көзің бар
Аққан арна секілді
Ашылған көзді көңіл бар
Қыранның қырық түрі бар
Ең алғыры ішінде
Бидайық, бүркіт, қаршыға
Қартайғанмен жағдай жас,
Қайта келдің шалым қалпыңа
Айтылған әуен жырменен
Қамаған күні көпшілік
Қанағаттанды халқыңыз
Естілген дабыл даңқына.
Қайырлы болсын қартымыз
Айтып жүрген артыңыз
Халқымыздың ішінде
Сәулетті сарай салдырдың
Шымылдық пешке шырадай
Маздатып көмір жандырдың.
Шайырларды шақырып.
Шаттыққа бізді шалдырдың
Отын-тезек жиғандай
Секілді көңіл сыйғандай
Ел сусынын қандырдың.
Лениннің кешегі
Өлең қылып өмірін
Тарихқа шалым, қалдырдың
Айтылған әуен жырменен.
Келгенде халқың қаумалап
Құлақтың құрышын қандырдың.
Өнер алды – қызыл тіл
Өлең – сөздің төресі
Мәңілікке қалдырып
Бұрынғының шалдары
Көп те болса малдары
Мұраты мұндай болған жоқ.
Үйі жоқтың күйі жоқ –
Бұлт жамылған тон төсек
Қоспақ көртке жүк артып
Қысы-жазы қаңғырды
«Салған үйдің сәні» де,
Белағашы қайың «береза»,
Төбесін жапқан тақтаймен
Сәулетті сәнді терезе
Төрт бұрышы түзу тұр
Кескендей тастан кереге.
«Фундаметін» құрғанмен,
«Стенасы» тұрғанмен
Тақтай мен тасты қиындау.
Айтқанмен қолдан келе ме?
Халқымыздың қазіргі
Тастамай айтсақ тарихын,
Толғандай кітап сөреге
Анық ақын болмаса
Бұл ақындыққа толмаса
Сырттағы сыншы сене ме?
Сырттағы сыншы сенбесе
Ақындығын сезбесе
«Социалистік Қазақстан»
Жүз тоғызыншы нөмірге
Арнаулы орын бере ме?
Сансыз рет айтқанмен,
Баянсыз фәни дүние
Айырылысқан күні ертең
Адамы бізге ере ме?
Жақсылардан жасыңнан
Сен байғазы, мен бата алдым
Баталы басқа бақ қонып
«Халық ақыны» атандың
Айрықша еткен ісі бар.
«Төрт Арыс Назар» атандың.
Үкімет пен партия
Жолдастардан жоғары
Құрметпен елеп хат алдың.
Алтын сағат, ақ медаль,
Тағы да талай зат алдың.
Өз үйіңде отырып,
Сыйлаушылық сыбаға
Харазымдағы халықтан
Тайлаған талай мата алдың.
Тәрбиеміз тағы да,
«Қарасай» атты колхоздан,
Еңбегіңе есептеп
Аяқты малдай ақы алдың.
Күш-көлігін көркейтіп.
Төл төресін өсіріп,
Дулығасын шығарып
Нар мен қоспақ атанды
Кешегі бір күндерде
Құлжа мойын, құлан жал,
Қызу белді қоян жақ,
Күдері бел, күш пен сан
Төрт аяғы талмайтын
Жарысқан жаннан қалмайтын
Жылжыған жорға ат алдың.
Көзі ашылған күмбездей
Сөз маржанын төгілтіп
Тайпалған жүйрік атандың
Бағы ашылған күн болды
Жарлы тап, жаяу нашардың.
Жаңалықпен жасырып
Кәрілікке болмай қарысып
Ақ киіктей шалым қасардың.
Көнергенмен көп жасап,
Жайнаған күн, жауған нұр
Жаз гүліндей және жасардың.
Қазақстан-Алматы,
Орал, Гурьев облысы
Құрметпенен құттықтап
Мәжілісте мадақтап
Шайырлықпен, шаттықпен
Жырдан шашу апардың.
Халқы қалмай қарсы алды
Алты санды Алаш пен
Сегіз Арыс Сейілхан
Байқағанда бағалап
Біреуі деді Жамбылдай
Алдыңғы ақын қатардың.
Жадыңа жақсы ал, қартымыз,
Адал еңбек, абырой
Азық болар деген бар
Баратын бақи сапардың
Кешегі өткен алапат
Қанды соғыс кезінде
«Біздікі, – деп жеңісті
Жеңеміз деп немісті»
Аттанған күні армия
Көңіліне жел бердің
Бойына куат сел бердін
«Жебедей жауды тесің» деп
«Қылыштай қия кесің» деп
Қажымас қайрат, қайтпас күш
Бозбалдақтай балдарға
Ақсақал ақын сен бердің.
1955 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter