Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  584


Автор: Түмен Балтабасұлы

ТҮМЕННІҢ СӘТТІҒҰЛДЫ ЖҰБАТЫП, КӨҢІЛ АЙТУЫ


Сонау, жиырмасыншы-отызыншы жылдары Сәттіғұл Жанғабылов ақыннын балалары өліп, жаны жаралы, көңілі қаралы болып жүрген ауыр кезеңдерінде онымен бірге жүрген үзеңгілес, сыйлас Түмен Сәтекеңнін көңілін көтеріп, жұбату үшін қасына шоңай Шамғұлды, бәйбіше Дүйсенбайды, жаңай Жанжігіт жыршыларды ертіп, ақын ауылына барып,
былай деп жырлаған екен:
Аманбысың Сәттіғұл,
Халқыңа сөзің болды пұл.
Хал-жағдайды білмекке,
Көңілге келді бір пікір.
Сұрасаң біз де аманбыз
Құдай берген денсаулық
Аманатқа мың шүкір.
Тарланы едің Адайдың
Жүдегендей ажарың
Жатысың қалай қапалы?
Үмітсіз жату жабығып
Сіздей ерге жараспас.
Халқыңа басың бағалы.
Сөзіме менің құлақ сал:
Айтқан бір сөзім аталы
«Үмітсіз шайтан» деген бар,
Үміті жоқ Алладан –
Сарқылған өзен арнадан
Тіленіп шөлдеп жатады.
Біз келдік Сіздей санылаққа
Жіберіп назар шаңыраққа
Алланың басқа саларын
Тірлікте пенде аңдап па?
«Түк қалады деген бар.
Аунаса түйе шаңдаққа»
Бойыңды тікте, көтеріп.
Қайғыға көңіл аулатпа.
 Қайыры болғай кеткеннің
Артынан біз де барамыз.
Бақилық қауым аулаққа.
ІІІын азамат бүгілмес.
Үміттен безіп түңілмес.
Көнеді түскен салмаққа
Сен теңіздегі жайынсың,
Ілінбес ғұмыр қармаққа
Сөйлеуге шебер дайынсың.
Сиынған асыл аруаққа
Сен бір асқар Алатау.
Басыңды бұлт кеп шалмаққа
Сен бір үлкен даңғыл жол.
Үстінен керуен салмаққа
Сен бір мұхит тереңсің
Жағасындағы халыкқа
Судағы хаюуан балыққа
Бәріне азық болмаққа
ІІІүкірлік ет Аллаға,
Отыз ұл беріп Дәуітке
Ағаттық болып сөзінен
Аларын бәрін аңдап па?
Қабыл болды тілегі
Тақ Сүлеймен жалғыз ұл
Артынан берді бір Алла
Езілгесін жүрегі
Халқың саған қарайды.
Еліңнің бол тірегі
Ләбәйліктен жүрегің
Дүниеге жаралған
Тілегін Алла бермеген
Тіршілік күнде сабырсыз
Таупиықсыз адамға
«Сабыр түбі сары алтын»,
Айтылмаған жаманға.
Басыңды көтер, Сәтеке
Тіршіліктің күнінде
Кездестік біздер неше күн
Үмітті біздің адалда.
«Үмітсіз шайтан» деген бар.
Бұл сөзіме құлақ сал:
Қырық жылдай құрт жеді
Денесін Аюуб пайғамбар.
 Қыңқ етпестен сонда да
Мойынсұнды Аллаға
Қабағын бір де шытпады
Ісіп-кеуіп жылаумен
Пенденің бар ма ұтқаны?
Шүкірлік етті пайғамбар,
Сол жатқанның өзінде.
Алла салып назарын
Саулығын қайта нықтады.
Алладан әмір келгенде
«Балаңды шал – деп құрбанға»
Ыбырайым пайғамбар
Көніпті сонда қылғанға
Өз қолымен бауыздап.
Өзі шалу баласын
Нәбиге оңай болған ба?
Баласын шалды пышақпен,
Құбылаға басын қаратып,
Жылапты сонда пайғамбар
Екі көзден жас атып
Пейілін көріп кең Алла
Ғайыптан тастап көк қошқар,
Құрбанға қылды бағалық.
Хақ Расул Мұхаммед
Ұлсыз өткен соларда
Асылдап хабар алалық
Ғафу еткін құдайым
Сөзімде болса шалалық.
Сен халқыңның керуені
Әр қимылың тергеулі.
Арғымақ бір күн майырылса
Балдардың болар ермегі.
Басыңды көтер Сәтеке,
Жаңалық болса айта отыр
Біз дайынбыз тыңдауға,
Сынбасын өмір шөлмегі...
Түмекең осылайша жүрек тебірентерлік лебіз білдіріп жырлаған соң Сәтекең де өз ризалығын білдіріп былайша толғап, жауап қайырған екен:
Есен-саумысың, Түменім,
Ер-тұрманың, жүгенің.
Өзінді бүгін көргесін,
Лашын құстай түледім.
Алла разы болсын, Түменжан,
 Жақсы екен асыл лебізің,
Сөзіңнің де,өзіңнің
Көрмедім сірә, кемісін.
Сен келгесін, мінеки.
Болсаң да ойпаң, тегіспін.
Лебізіңнен айналдым
Тартсам да қуаң көгіспін.
Аруағыңнан айналдым,
Арық та болсам семізбін.
Сен келгесін, Түменжан,
Қараңғыдан жарық кеңіспін
Дерт бермесін тіліңе
Жүйріксің ежел білімге
Сендей асыл азамат
Хабарын салса күлімдеп
Ұят болар біздерге
Тірліктен мұқап түңілмек
Шын тектінің баласы
Жүректен сезіп айтқызбай
Көңілге қарап үңілмек
Қанша жүйрік болса да
Қас-қағым екен сүрінбек.
Он екі перзент – ауыр тас
Жанымды қылған «жауыр» тас.
Шүкірлік қылмай Аллаға
Шаршатқан қапам арылмас
Таршылық етсе бір Алла
Перзент пен дәулет бағына
Тірлікте пенде жарымас
Жұбатар көңіл сендей ер
Өне бойы табылмас
Рахмет, Шамғұл – замандас
Жүйріксің сен де жаңылмас
Хас шебердің белгісі
Сөз сұрап жанға жалынбас
Ер көңілді сахи көп
Қонақ келсе тарылмас
Аман ба едің Түменжан,
Ел-жұрт, аға-қарындас?
Айып етпе біздерді
Жұбатар сендей тұлпар жоқ.
Көңілім аңсап шөлдейтін,
Ағалар да азайды-ау,
 «Сәттіғұлжан, кел» дейтін.
Аллаң салса басыңа
Түбі тесік болса да
Кеме болмас мінбейтін.
Рахмет саған, Түменжан,
Сен келгенде көктемдей,
Жөнім бар ма күлмейтін?
Дүниеде қызық болмаған
Теңімен ойнап күлгендей
Сыйласың болса тым жақсы
Қадірін достың білгендей
Ақ орда жарық болар ма
Ішіне аппақ нұр келмей?
Басыңнан өтіп кеткесін.
Қайта оралмас базарың,
Кетерсің қолың бір сермей.
Жан-жануар, адамзат,
Қыс өтіп, көктем келмесе,
Жерге тұрар түр бермей
Қанша айтқанмен, Түменжан,
Жастайыңнан бірге өскен
Болмайды көз көргендей
Жатырмын көптен бей хабар
Жақсыдан жауап тыңдасаң
Орнығып, көңіл жай табар.
Жаманнан жауап тыңдасаң
Бұзылып, көңіл шайқалар
Жаратқан лаухы ғаламнан,
Дүреген пенде біз едік
Хауа Ана мен Адамнан,
Рахметімен жасаған
Әзірейіл періште
Жансыз салдың тасадан
Шүкірлік айтпас Аллаға
Тәубесі кеткен аузынан
Құдайменен қас адам
Басқаның көңілін білер ме
Көңілі қарау мас адам?
Су қадірін білер ме,
Аралда тірлік жасаған?
Ну қадірін білер ме,
Ағаштан бұйым жасаған?
Түменімді көргесін,
 Іштегі шерім босаған.
Аман бол мынау өмірде,
Сөздерің медет сенімге
Қасыңнан Қыдыр кетпесін
Жүре бер жайнап көңілде.
Өзің де мойып берілме –
Мықты бол бекем темірден.
Мына заман қай заман.
Залым мен зұлым семірген?
Барсаң сәлем айта бар.
Танитын бізді шалдарға,
Көз таныс, іні-балдарға.
Айналып мен де соғармын.
Жүрсің ғой байқап өзің де
Сәт-ағаңның жорғасын.
Рахмет, енді Түменжан
Өзіңді Алла сыйласын..!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу