Өлеңдер ✍️
Адам болғым келеді қарапайым...
Адам болғым келеді қарапайым,
Қараша үйде сораптар қара шайын.
Пешенеде жазмышым солай болар,
Артамын деп,кімменен таласайын?!
Адам болғым келеді қанағатшыл,
Қарайғанға сәлемшіл,саламатшыл.
Қаныпезер қанышер менен аулақ,
Дегенді де білмеймін қара бақсы!
Адам болғым келеді әппақ,адал,
Аудармай-ақ қояйын жатқа назар.
Қаңғалақтап алдында жүрген жанды
Қатыбезер жоқ шығар отқа жағар?!
Адам болғым келеді елге керек,
Сайтан бөлек,
Жын бөлек,
Пенде бөлек!
Мінсіз,мұңсыз ешкім де жоқ шығар-ау,
Мінезімді болмаймын жөндеп әлек!
Көргенсізден көңілім қалды қанша,
Уәдеден берілген танды қанша
Қандай жағдай болса да ізгі ниет,
Тыныштықтың алауы мәңгі жанса!
Жұмағыңа жоқ болар барған-көрген,
Әр адамға лайық талғам берген.
Адам болғым келеді маңдай термен
Осы менің айтарым салған жерден!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter