Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  102


Автор: Серікбай Бердияров

Кем-кетігін өзгеге тықпалаған...

Кем-кетігін өзгеге тықпалаған,
Адамдардай қорқыншақ бұқпа,балам.
Шаңырағым өзіме шақ дей гөрме,
Іргетасың болмаса нық қалаған.
Тірліктегі тірнектеп жинағаным,
Саған ғана салмақтап сыйлағаным.
Өз ортаңның оқ бойы озығы бол,
Ортаң қолдай деп жүрсең үй боламын.
Жалқаулықты баласаң жолдасыңа,
Бақ та,құс та қонбайды қол,басыңа.
Торғай екеш,торғайда аспандағы,
Кірмейді ғой өзі кеп тор қасына.
Еткен еңбек ешқашан еш болмайды,
Ерте тұрған ешқашан кеш қалмайды.
Бүгін ел мен жұртыңа еленбесең,
Ертең сені ешкім де еске алмайды!
Саған айтпай кімге айтам сырымды бұл,
Мен ғана емес,
Жолы бұл бұрынғының.
Менен мезет,мезгілдер бетін бұрып,
Саған салмақ түсіп тұр,ұлым бүгін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу