Өлеңдер ✍️
ТҮЙІН СӨЗ
Сынамаңдар қыранды құзға өрлеген,
Жүрмеңдер біздер басқан іздерменен.
Біздердей болар еді елдің бәрі,
Ойласып кетіп жатса біздерменен!
Мәзір ет мұны,жұртым,жіліктемей,
Ақынның өлеңімен іліктемей.
Оңаша өзіңе де көз салып қой,
Біреудің берген затын,шірік,демей!..
Қоқыстан алтын табар етектеген,
Аузынан төгіп алар секектеген.
Оқырманы Қалбайдың өзінікі,
Қозымды қошқар етер жетектеген!
Жүректерің сендердің ынтыққаным,
Жемісімнің жатырмын сілкіп бәрін.
Сезім барын білдіңдер жүрегімде,
Иінімде білдіңдер...мылтық барын!
Ұнамаған жерім бар,ұнаған да,
Қайдан болсын мың жүрек бір адамда?!:
Тәбетің тартпағанын ысырып қой,
Зорламайды есті ақын күн аманда!
Сендер деп кетіп барам орманменен,
Сүймесем мен сендерді қолдан берем!..
Сонда да өз қарының өзіңдікі,
Қойылған мәзір тегін болғанменен!..
Ақын көп мынау елде мен құсаған,
Жырыммен өз басыма белгі соғам.
Өзге түгіл білмеймін өзім дағы,
Ертең келіп не деймін енді саған?!.
Ел-жұртымды бір ғұмыр аяладым,
Өлең үшін басымды қоя аламын.
Бірге болып жорықта тас жастанған,
Аман болғын,оқушым,сая бағым!..
Мен сендерді алдасам күна қылам,
Елдің-жұрттың су іштім бұлағынан!
Бар екенін ұлының біліп тұрған,
Айналайын қазақтың құлағынан!..
Судан алып жанымды,отқа басам,
Мен сен үшін жер менен көк таласам.
Өлеңі үшін қазақтың жанып өл,деп,
Табаныма қайтейін от қаласаң?!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter