Өлеңдер ✍️
ТӘҢІР...БІЗДІ ЖІБЕРДІ !..
Ешкімнің де қанаты құстан емес,
Бергі түгіл,арғылар ұшқан емес!..
Көрмегенді көргендей көпіртетін,
Бұл Қалыбай халқына дұшпан емес!..
Өтірік,құйрығың жоқ,ұстайтұғын,
Құспен келіп,күтесің құс қайтуын!..
Аруаққа табынғанмен,бертіндегі,
Пенденің көріп жүрміз ұшпайтынын...
Қайдан ұшсын!
Қанат жоқ қолтығында!
Қанат түгіл талап та олқы мұнда!
Аңғал жанды қазақтың баласымыз.
Аруақ түгіл силаған қортығын да!
Келіспеймін мен,жұртым,мынадаймен,
Сөздерімді сөйлеймін рабаймен.
Мұхаммедтің мен дағы үмбетімін,
Уәждескендей (бар болса!..) тірі Абаймен.
Өтпейін кеше жүрген шалдан әрі!..
(Артында аман болсын қарғалары!)
Егер де қос қанаттың кілтін созса,
Мынауы әзәзілге жалданады!..
Бір тапқанын адамзат екі тапқан:
Тағылым алған пайғамбар со кітаптан...
Бар құндылық ешқашан жоғалмаған,
Аяғына құрсаң да жеті қақпан!..
Арғы жағың-Күлтегін,
Алдың-Абай!..
(Құламайды текті сөз-жар құламай!..)
Аруағына солардың лайық бол,
Келген сөзді ауызға сандырамай!
Суқит сөзді не керек сұңғыла ғып,
Өтіп кеткен заманға сымды қағып!
Ақ,қараны Әулие айырады,
Егер есін кетпесе қырғын алып!..
Бойға лайық бүркіттің құзы болған,
Ойға лайық ғалымның ізі қалған.
Әркімнің өз дәуірі-сағаты бар,
Болмайды мақтаймын деп,бұзып алған!..
Әр ұста өз бойымен пішіндейді,
Асқар тау тас алғанмен кішірмейді.
Қасындағы Қалбайды түсінбеген,
Алыстағы Құдайды...түсінбейді!..
Беймағлұм!
Адамзатқа-аспандағы!..
Аспан түгіл таудағы,тастардағы!
Қапталыңда қазағың-қалың жұртың,
Қалың жұрттың төменде баспалдағы!
Ұғу керек жөн сөзді жөніменен,
Түспейді жұлдыздардан келіп өлең!
Көрмеген Әулиені неғыласың,
Қасыңдағы көріспей меніменен?!.
Сиқың мынау!
Қайтесің кісілікті?
Кісі болған адамның-ісі мықты!
Қара наны халықтың-қарапайым,
Қара өлеңі қазақтың-түсінікті!..
Мені қазақ қолынан түсірмейді,
Менсіз арақ бір тойда ішілмейді.
Қасындағы көңілді түсінбеген,
Аспандағы Тәңірді түсінбейді!..
Түсінбейді!..
Шықсаң да шырақ ұстап!..
Әзәзілді табады...сұрағыштап.
Періштедей ақынға күманы бар,
Қапталында отырған...
Құран ұстап!..
Ақын ауызы-дуалы!
Дұрысы бар.
Қатты кетсем көңілдің қыры сынар!..
Менен өзге сендерге кім келеді,
Сенен өзге Құдайдың жұмысы бар!..
Пешенемнен көрейін көрсін десең,
Босағада өлейін!
Өлсін,десең!..
Құдай сенің келмейді есігіңе,
Жібергенін Құдайдың менсінбесең!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter