Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.07.2022
90
АЛМАТЫ
Жан нұрымды жіберем тағы саған,
Аман болғын, Алматым! Таныс ағам!
Аман болғын қойнында Алматинка,
Мен өзіңнен кей-кейде ағыс алам!
Мен қаласам жазамын өлеңменен,
Оқымайды жырымды төмен деген!
Сәлем саған, қадірлі ана тілім,
Мен әр күні өзіңе сәлем берем!
Сені ойлаумен өтеді келте күнім,
Күйдіреді кеудемді өртеп үнің.
Мен Алаштың төл емген еркесімін,
Мен қазақтың бұла өскен тентегімін!
Жақсы күнде өзімнен хат барады,
Жаман күнде хабарлап ат барады!
Біреу ана тілімнен алыстатса,
Жаным күйіп кетуге шақ қалады!
Айырылмаймын өлгенше өнерімнен,
Өңім түгіл түсімде көремін мен!
Тірлігімде бермеймін қаламымды,
Мені қосып көмбесе өлеңіммен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter