Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  105


Автор: Қалбай Әбдіраманов

АЛАТАУ

Алатау,айналайын ақ қарыңнан,
Ақ отау екенсiң ғой баққа құрған.
Қазақ ұлы өздерiн хан сезсiн деп,
Бабам бәлкiм бұл жердi таққа құрған!
Шығып едiм бойымды биiктеттiң,
Бiлегiме күш берiп,иықты еттiң.
Айналайын,қазақтың асқар тауы,
Бiр сымына жанымның тиiп кеттiң!..
Қанып iштiм мен сенiң бұлағыңнан,
Қазақ әнi кетпейдi құлағымнан.
Айналайын,қазақтың асқар тауы,
Мен сенiң өсiп жүрмiн шуағыңнан!
Бiр шамым осы жерде жанып едi,
Айбергенов жетелеп барып едi...
Мұқағали таңырқап өлеңiме,
"Жұлдызға" шығарам деп алып едi...
Кеттiм мен...
Сол биiкте ағам қалды.
"Жұлдыз"да ағам берген бағам қалды...
Үш ағайын отырған тас домалап,
Оны орнына шығару маған қалды!..
Бiздер шыққан заңғар тас ауыр едi,
Бiрi-жерлес,
Бiреуi-бауыр едi.
Сол биiктен екi ағам домалады,
Ол тұрғанда ел менi таныр едi!..
Ол екеуiн сұм тағдыр алып кеттi,
Екеуi екi жерде жанып кеттi.
Бiз шыққан биiк таудың етегiнде,
Қара тас Қалыбайға қалып кеттi!..
Екi ағам Алатаудай ауыр едi,
Екеуi ондағы екi Тәңiр едi.
Сол жылы шыңда бiздi жолықтырған,
Бiлмеймiн,қай Құдайдың әмiрi едi...
Бәлкiм қосқан бiздердi өлең күшi,
(Асқар тауға шықпайды төмен кiсi !..)
Мұны жазып қол қойған үшiншi ақын,
ӘБДIРАМАНОВ ҚАЛБАЙ деген кiсi!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу