Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  140


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ОТАН

Көп нәрсеге жатпаймыз құлақ түріп,
Көлеңкеге қашамыз шуақ тұрып.
Тойып болып қарнымыз жұмсағына,
Кепкен нанды тастаймыз лақтырып.
Ойламаймыз дүниеде судың барын,
Сағынтқандай сол суды қуғын барын.
Мен өзіңе әкелем ,Айнабұлақ,
Туған жердің жетелеп тұрғындарын!..
Сапарыңды бастасаң сау санамен,
Табаныңның астында кәусар әлем.
Шегін-шетін іздесең бір өзеннің,
Жеті жылда жетесің қаусап әрең!..
Қанат қағып,тыраулап тыстан келем,
Бар кінәні бастаған құстан көрем.
Айналайын атыңнан,Қазақстан,
Бұл өлкеде мен өлсем-ұшқанда өлем!..
Сенсіз жердің барлығы сұр түнектей,
Жылан көптей,түлкі мен кірпі көптей.
Каспий жақтан Құдайдан жел сұрадым,
Қиналғанда басымнан бұлтың өтпей!..
Сенсіз жердің барлығы сұр түнектей,
Күншуағы күйдірер жылтың етпей.
Аман бол, менің қара шаңырағым,
Көрмейсің шаңырақты сыртына өтпей!..
Өзіңе мың сан тауап етем бүгін,
Тілей-тілей бірліктің бекемдігін.
Қазақстан ғана емес- қазақ жері,
Мен білем оның үлкен екендігін!..
Тіз шөгіп, топырағыңнан аймаладым,
Мен өлсем жапырағыңа айналамын.
Ақ Отан-аман сау бол,әппақ Отан,
Мен саған кіндігімнен байланамын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу