Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  97


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ҚАЗАҚТАР

Армысыңдар, қазақтар,
Бармысыңдар, қазақтар.
Бір-біріңе сендер де,
Зармысыңдар, қазақтар?!.
Арай болған қазақтар,
Абай болған қазақтар.
Астанадай көңілі,
Сарай болған қазақтар!
Таққа мінген қазақтар,
Атқа мінген қазақтар!
Жетпіс жеті бабасын,
Жатқа білген қазақтар!
Ар-намысым қазақтар,
Жан дауысым қазақтар!
Толғанысым қазақтар,
Қорғанышым қазақтар!
Ұққаны бар халықпыз,
Мұқтары бар халықпыз!
Жер-әлемнің жүзіне,
Ықпалы бар халықпыз!
Тамыры бар халықпыз,
Бауыры бар халықпыз.
Биі, ханы, сұлтаны,
Тәңірі бар халықпыз!
Құраны бар халықпыз,
Құралы бар халықпыз.
Шекпені бар, басында
Тымағы бар халықпыз!
Егеулесең нұр ұшқан,
Сөзі өткір қылыштан!
Қазақ деген, қарағым,
Жасалады құрыштан!
Түсінеді жармасқан,
Қажалады арбасқан.
Қазақ деген, қарағым,
Жасалады алмастан!
Шығарам деп маймаққа,
Танылды сұм аймаққа.
Қажыр болсаң қазақты,
Жарымайсың қайраққа!..
Қазақ – күннің шуағы,
Қазақ – нанның уағы!
Түргеледі тамұқтан,
Едірейіп құлағы!
Тасқа түссе жарпағы,
Жасыл болып шығады.
Жерге көмсең торпағы,
Асыл болып шығады!
Ақындары Махамбет,
Қасым болып шығады.
Босағасы төрінен,
Басым болып шығады!
Айтқан сөзі жүз жылдық –
Ғасыр болып шығады.
Қазақ деген –қырғидай,
Қазақ деген –қырғидай!
Диірменіңді екіге,
Айырады бір бидай!..
Жаңа сөзі көнеден,
Көзі өткір көреген.
Сәкен, Іляс, Бейімбет,
Мұқағали, Төлеген...
Жауынгері қазақтың,
Ат үстінде өледі.
Қаламгері қазақтың,
Хат үстінде өледі.
Теңіздері тартылмас,
Бұлақтары сарқылмас,
Арулары Сұлушаш,
Ғалымдары жалтырбас...
Қазағымды сүйемін,
Қазаққа бас иемін!
Қазақ деген, қарағым,
Қорламайды сүйегін!..
Қалың елім, бол аман,
Құй сөзімді қоладан!
Қазақ барда Қалыбай,
Тіктеледі... моладан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу