Өлеңдер ✍️
ӘТТЕҢ-АЙ,ӘТТЕҢ!..
Жас бие жолын таппай жүр,
Жеген ас бойға батпай жүр.
Көзділер оны көрмей жүр,
Мергендер оны атпай жүр...
Дегені оның болмай жүр,
Дорбасы оның толмай жүр.
Ұйқысы оның қанбай жүр,
Өрелі оты жанбай жүр.
Сыртынан қарап гүлдеймін,
Иесін оның тілдеймін.
Ұрынған кезде отқа кеп,
Неғыларымды білмеймін!..
Сулығын бие шайнап тұр,
От болып көзі жайнап тұр.
Жараулы атты қазыққа,
Өлтірген екен байлап құр!..
(Жіберіп оны жайлауға,
Айдап тұр,көке,айдап тұр!..)
Мұншама неге қасардың,
Қай суық тастан қашалдың?!.
Оңбаған иттің баласы-ау,
Обалы бар ғой нашардың?!.
Шашыңның қара ағына,
Көңіліңнің қара дағына!
Байлаған жап-жас баланы,
Салып жіберейін бе жағыңа?!..
Жібер сен оны жайлауға
Өзінің жастық шағына!..
Келе ме оның көнгісі,
Келеді өсіп-өнгісі.
Билік бермеген балаға,
Жаман екенсің,сен кісі?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter