Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  148


Автор: Қалбай Әбдіраманов

БИЛЕ, БИЛЕ!..

Қыздар, қыздар, қыздар-ай,
Қыздар, қыздар, қыздар-ай!
Қыз көрінсе ылдида,
Құлар жігіт құздан-ай!
Биле, жастар, билеңдер,
Тас көшені илеңдер!
Болсын жігіт қырғидай,
Жуас болса сүйреңдер!
Жігіт болса шоқ болсын,
Шоқ болмаса жоқ болсын!
Би білмеген жігіттің,
Пешенесі көк болсын!..
Жастар, жастар, жалынсың,
Қыз дегенің – қауырсын!
Еремін деп... егденің,
Аяқтары ауырсын!
Биле, биле, билеңдер,
Қосылыңдар, сүйгендер!
Жауға тізе бүктірген,
Қызға басын игендер!..
Жарқылдаңдар, жалындар,
Жалын барда – жаның бар!
Жанып тұрған жігітті,
От ішінен алыңдар!
Тау ішінде тарлан бар,
Тай кезінде... талғаңдар!
Отқа салып біреуді,
От ішінде қалмаңдар!
Той кезінде тойлаңдар,
Тойдың... соңын ойлаңдар!
Тойда тойып секіріп,
Той қадірін жоймаңдар!
Биле, биле, билеңдер,
Тимегенге тимеңдер!
Тойдан кейін сынайды,
Той кезінде күйгендер!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу