Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  125


Автор: Қалбай Әбдіраманов

Ақ бантик таққан бiр ару...

Ақ бантик таққан бiр ару,
Алдымнан кейде өтедi.
Ойнатып қара көздерiн,
«Аға» деп маған кетедi.
Сол қыздың маған сонысы,
Тұрады онша ұнамай.
Бақытым алда дегенде,
Болайын деп пе ем мынадай!..
Жиырмадағы жiгiттер,
Жаңадан жазған өлеңдей.
Тәкаппар маған қарайды,
«Сенiң не теңiң!..» дегендей.
Жүзiмдi менiң олар да,
Көнелеу көрiп тұрады.
Түсiнбейдi деп ойлайды,
Кешегi таудың қыраны!..
Елудiң мынау соңынан,
Алпысың келiп таптайды.
Кешегi тегiс маңдайды,
Шимақпал менен қаптайды!..
Құмдарға қара жел ескен,
Шыңдарға қара мен өскен.
Жылтылдап тұрған сағымдар,
Алпыста керек емес пе ең!..
Жүрсiңдер неге жандырмай,
Iшейiн деп ем қалдырмай.
Сусадым ғой мен сендерге,
Кешегi жауған жаңбырдай!..
Қанайын деп ем сiмiрiп,
Алайын деп ем сiңiрiп.
Теңiздей терең көздерге,
Қарайын деп ем үңiлiп!..
Қаңбақ та болып қауладым,
Жантақ та болып лауладым.
Сексеуiлдеймiн ендi мен,
Жылытқан үйдiң аумағын!..
Мен күйсем жаман күйемiн,
Мен сүйсем қатты сүйемiн.
Құмдардан өтер шөлдетпей,
Өркешiндеймiн...түйенiң!..
Бiлесiң қалай!..
Кiрмесең!
Жаңарам қайта,кiрлесем.
Шоқ бола берем қайтадан,
Үстiмнiң күлiн... үрлесең!..
Құрбылар қайда тең өскен,
Алдаған күлдi көмешпен.
Жалт ете қалған найзағай,
Жетпiсте керек емес пе ең!..
Қайтейiн сенi сағынбай,
Жалт етiп өткен...сағымдай.
Ерiнiм қатты кезердi,
Көктемгi селдiң...қағындай!..
Жылысың қандай,КҮНШУАҚ,
Кеудемдi жүрген шымшылап.
Отырып теңiз бойында,
Өлетiн болдым... сусырап!..
Ыстықсың қандай,махаббат,
Жақсылық,мейрiм,шапағат!..
Iздей де iздей өзiңдi,
Өлетiн болдым қаталап!..
Мен саған мәңгi жерiкпiн,
Серiгiң жоқта серiкпiн.
Қайтадан тiрiлтесiң Сен,
Үстiнен бассаң...өлiктiң!..
Мен жәйлi ойла тұрғанда,
Мен жәйлi ойла жатқанда.
Келдi деп ойла Қалыбай,
Есiктi бiреу қаққанда!
Келдi деп ойла Қалыбай,
Сiреңке бiреу шаққанда,
Шамыңды бiреу жаққанда,
Балконнан бiреу баққанда!..
Жалаң аяқ келiп ақ қарда,
Күтемiн үнсiз ...қақпаңда!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу