Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  92


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ОСЫНЫҢ БӘРI ТҮС БОЛСА

Қазағым деген қасқамын,
Жұлдызға толы аспаным.
Болмайды маған қарындас,
Қарындастары басқаның!
Қарындасымсың сен менiң,
Қарлығашымсың сен менiң,
Әкетшi менi бөлектеп,
Бiрiне бермей пенденiң!..
Жанталасамын тершiп кеп,
Дұшпаным айтса көлшiк,деп.
Теңiз болмаған нем қалды,
Каспийдi жүрсем меншiктеп!..
Қарындасымсың сен менiң,
Қарлығашымсың сен менiң.
Ботадай боздап сен жоқта,
Әлемнiң бәрiн,
Әлемнiң бәрiн,
Әлемнiң бәрiн тербедiм!..
Өсиеттей бiр сырым бар,
Қырсыққан жауға қырым бар.
Осайын жаудың өңменiн,
Қолдарын басып,
Қолдарын басып,
Қолдарын басып тұрыңдар!..
Ұлдары қандай Алаштың,
Қыздары қандай Алаштың!
Қазақтарыма сүйенiп,
Тараспен орын таластым.
Жұлдызбын деп те мақтандым,
Тәңiрмiн деуге шақ қалдым.
Керек екем ғой қазаққа,
Керек екем ғой қазаққа,
Керек екем ғой қазаққа,
Мен қалай жерде жатқанмын!..
Елу бес жаста гүлдеймiн,
Ұшамын қазiр!..
Жүрмеймiн.
Жетпегенiме жетiсiп,
Не боларымды бiлмеймiн!..
Мас болғандаймын iшiп ап,
Мұқағалиға ұшырап!..
Жеткеннiң сүйiп көзiнен,
Жүгiрiп жүрмiн...
Пысынап!..
Оңымда Күн тұр қарасам,
Солымда Күн тұр қарасам.
Қолымды қағар ешкiм жоқ,
Жұлдыз болуға...
Жарасам!
Үңiлсем көкке Күн,Ай бар,
Тiгiлсем жерге шұрай бар.
Тығынды қалай аштыңдар,
Жұлдызды қалай шаштыңдар,
Құдiретi күштi Құдайлар!..
Жалғашы осы түсiмдi,
Ұшырмай бастан құсымды.
Төлеген келiп өлеңнiң,
Тасбақа шөбiн ұсынды.
Хан болатындаймын алып тақ,
Құс болатындаймын шарықтап.
Түс көрiп жүрген жоқ па екем,
Қарашы маған,
Қарашы маған,
Қарашы маған анықтап!..
Iнiлерiм жүр аянбай,
Қарындастарым... Баяндай!
Осының бәрi түс болса,
Кеткенiм жақсы-ау,
Кеткенiм жақсы-ау,
Кеткенiм жақсы-ау...
Оянбай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу