Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.07.2022
101
ҰМЫТПА МЕНІ...
Басыңа қайғы қонғанда,
Қалтырап қатты тоңғанда.
Елу бес жасқа толғанда,
Ұмытпа мені, қарағым!
Дұшпаның беттен алғанда,
Достарың іштен шалғанда.
Мұңайып жалғыз қалғанда,
Ұмытпа мені, қарағым!
Бөлісіп әркім тигенін,
Бәрібір болып күйгенің.
Үлеске түссе үйлерің,
Ұмытпа мені, қарағым!
Шуағым кетіп, түн қалды,
Жалыным кетіп, күл қалды,
Өмірім қатты бұлғанды,
Ұмытпа мені, қарағым!
Көңілім қалды басылып,
Өлеңім қалды шашылып.
Барайын қайда бас ұрып,
Ұмытпа мені, қарағым!
Толысқан айға төркін көп,
Сенсіз де жанар өртім көп.
Жылаған кезде мөлтілдеп,
Ұмытпа мені, қарағым!
Сендім-ау саған, нандым-ау,
Өлдім-ау сенен, жандым-ау.
Мойында темір-қарғыбау,
Ұмытпа мені, қарағым!
Еліңді сатсаң оңарсың,
Кезіккен тасқа қонарсың.
Жақсы бір Қалбай жонарсың,
Ұмытпа мені, қарағым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter