Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  109


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Ауық-ауық балконнан,
Қаратады жалғыздық.
Жүрегiңдi қара итке,
Талатады жалғыздық.
Аңсарыңды аудырып,
Алып қашар жалғыздық.
Ескi машинасына,
Салып қашар жалғыздық.
Құлақ тұнып,жаныңды
Зiрлетедi жалғыздық.
Иманыңды,арыңды
Кiрлетедi жалғыздық.
Сандалтырып көшеде,
Жүргiзедi жалғыздық.
Кiрмейтұғын үйлерге
Кiргiзедi жалғыздық.
Отырғызбай ,есепке
Батқызады жалғыздық.
Алдап басқа төсекке
Жатқызады жалғыздық.
Ойлап қойған iсiңдi
Шала қылар жалғыздық.
Елудегi кiсiңдi
Бала қылар жалғыздық.
Әлдилейдi құс інi,
Сыртың - момын,iш - ұры.
Жай кiсi екен,деп жүрме,
Жалғыз жүрген кiсiнi!..
Хан тағында ол адам,
Қан тамырда ол адам.
Жақын болып шығады,
Жалғыз үйге жолаған...
Жаны өзiне икемдi,
Жалғыз өскен ителгi.
Жарты ғасыр iшiнде,
Жарты әлемге сүйкендi!..
Ай батады еңiстен,
Күн шығады Жеңiспен!..
Айнымайды сөзiнен,
Жалғыз үйде келiскен!..
Айдалада жалғыз үй,
Жалғыз үйде...бiр адам.
Мекен жайы белгiлi,
Адаспайды сұраған!..
Жалғыз өзi бағында,
Сүлейменнiң тағында.
Қуанышты көңiлi,
Қапа болар шағында.
Елемейдi қайғыны,
Алатаудай айбыны!..
Көшiрмесi Мәжнүннiң,
Күтiп жатқан Ләйлiнi...
Жалғыз өсiп жетiлдiм.
Жалғыз өзiм...
Жетiммiн!..
Бұл дүниенiң сырына,
Жалғыз өзiм кепiлмiн!
Махаббаттан мас көңiл,
Керекпейдi басқа өмiр.
...Жалғыз үйдiң түрiнде,
Жалындайды...ТАСКӨМIР!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу