Өлеңдер ✍️
ҚҰЛБАРАҚ БАТЫР
Көршілікпен сан барып,
Көлікті сүйреп жол жатыр.
Елдіктің жібін жалғадық,
Түйін боп бірақ қалды ақыр.
Батыр Құлбарақтың бассыз денесі,
Жөн сұрап әлі жолда тұр.
Жөн сұрап,
түкке түсінбей,
басы бар мына ғаламнан.
өткен ғасырда көрген түсіндей,
қасына келді шабарман:
- Я, Құлбарақ батырым!
Оятып көңіл наласын,
Басың жоқ – қайда барасың?
Шындық дегенде…
күрмеліп қалды тіл кейде,
Рас,
көн тарих шықты күнгейге.
Дегенмен мына…
Танымай қалып балалар:
- Бұл не деген бассыздық? – деп,
Тап беріп саған жүрмей ме?
- Әй, шабарман,
Рас,
сенің заманың жаңарған!
«Маң» деген біздің әкеміз,
«Қыстау» деген шешеміз.
Осылай деп қорғадық,
Маңғыстауды кеше біз.
Кімдерді қызықтырмады,
Анау,
Үстірттен түсіп жатқан көшеміз.
Жолында – мұзарт,
төсі –қар,
тарихтың
жете алмай жүрген көші бар.
Ал…
… «бассыздығым» жайлы сұраса,
батырға біткен төсі – нар,
қазақтың жерін қан қылған,
басы жоқ сонау заманға,
сыйладым дермін, несі бар?
Қымбат боп қырат, дала, түз,
«Әруақ!» деп шапқан дара – біз!
Қырдық біз жаудың қатарын,
Жыртылды және жағамыз.
Сол қырғында басымды,
Айрыбас еттім баба жеріне.
Сенбесең,
өшкен жоқ сол бір жаралы із,
анау Хиуада жатқан,
көрімді ашып қараңыз.
Ал мына денем,
өзім қорғаған жерімде,
Сүйінқараның
қылышымен қайтты кегім де.
Айладыр жақты
күзетіп жүрміз әлі біз,
аңыздың айтар сөзінде.
«Кіші қырғынға» кіргенбіз,
«Ұлы қырғында» жүргенбіз.
Ата жұрт үшін – қасық қан,
Қадірін сонда білгенбіз.
Ол кезде – сағым, айдала,
Бүгінде – дүниені қызықтырған бай дала.
Сол үшін кеше өлген біз едік,
Атанып қазақ-қаймана.
Осының бірін білмейтін,
Сенің айтып тұрғаның қай бала?
Бостандық отын жаға алған,
Біз тұрған мына заманнан,
Осының бірін білмейтін,
Қай бала екенін сұрауға,
Шауып келеді шабарман.
Сұраңдар көршілеріңнен,
Сұраңдар елшілеріңнен,
Сендер де сұрау салыңдар
Шеті жоқ қырлар, керілген.
Жолыңда жатса тұман ар,
Серігің етіп шыдамды ал,
Тау асып,
Жал-жал құм асып,
Осының бірін білмейтін,
Қай бала екенін сұраңдар.
- Тұлпар атанар тайында,
Ұрпағым бар ма бойыңда?
Бөтен кеп, менің жерім деп,
Дауласса, сөзі дайын ба?
Құлбарақ батыр бабамыз,
Сұрап тұр осы жайында
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter