Өлеңдер ✍️
Бұл дала сексеуілді сәні қылған...
Бұл дала сексеуілді сәні қылған,
Қаңбақтар үзіле сап тамырынан,
Итжеккенге айдалған қазақтардай,
Жел айдап жөңкіледі сары қырдан.
Күз келіп, қона кетті көне жерге,
Қар ма, жел ме – бәрібір төбелерге.
Түйелер ыққа қарап жатып қалған,
Ұқсайды сынып тұрған кемелерге.
Ой-сандықты өлең кеп ақтарады,
өзіне ұнағанын ап қалады.
Мен туған дәлу айы – ол да жетті,
Күнтізбеден лап қойып ақ бораны.
Қалың қар естен кетпес, дала – күртік,
Аспан да тұрар өңі алабұртып.
Әкеміз аң аулайтын Уәліде,
Қасында – қара ауыз ит, қара мылтық.
Уәлі бұл, жоқ мұнда тоғай, тал да.
Тек тарих бар кететін талай таңға.
Қалмырза інім – бір төмпек. Құлпы таста
әлі тұр әкем салған адай-таңба.
Сау-саламат тұрмысың хан мазары,
өмірдің тез тарқар деп қан-базары.
Енді, міне, біз жүрміз сол базарда,
Бізге ауған тіршіліктің бар назары.
Бұл жердің қысы ерекше қатал еді,
Аң таң да тоңып зорға атар еді.
Аппақ қыс,
Қара мая,
Қос метеймен,
Шешеміз су әкеле жатар еді.
Туған жер тау-тасымен кетер демеп,
Ұлы өмір, өкінесің өтем бе деп.
өкпем өшіп ілгері жүгіремін,
артта қалған күндерге жетем бе деп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter