Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  92


Автор: Оңайгүл Тұржан

КЕҢІСТІК

Қаңыраған кеңістікке тіл қаттым,
Қаңғыр етіп жауап қатты ол маған.
Көз жасыңды көлге беріп құрғаттың,
Саусақтарың жаңғырықты қармаған.
Кеңістіксің.
Керегең жоқ, уық та.
Босағаң жоқ, төрің – анау төбе ме?
Шаңырағың көрінбейді жуықта,
Әлде,
бұлт боп анда-санда келе ме?
Кеңістіксің –
қиял сынды жасалған,
Тағдырың бар,
кім не айтса көнеді.
Өмірің бар жаңғырықтан қашалған,
Ол өмірің қайта-қайта өледі.
...Айтамыз да...
Тіл берген соң айтсын деп,
Ал сен үнсіз,
Қарайсың тек іздерге.
«Өмір сүрген түрлерін-ай, ...қайтсін!» деп,
Бәлкім,
сен де күліп тұрсың біздерге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу