Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  125


Автор: Оңайгүл Тұржан

АЙРАҚТЫ ТАУ ШЫҢЫНА АРҚАР ҚАДАП..

Шілдеге шомылады айбар әнің,
Далаңда шегіртке боп қайнаған үн.
Алматыда апталап жауса жаңбыр,
Шөл қысқан Маңғыстауды ойға аламын.
Қара жол мойнын бұрып қапталдардан,
Жатады ақ сандығын ақтарған маң.
Жоқтан,
Бардан нәр алар шөлдің гүлі,
Үмітімдей құраған жоқтан-бардан.
Кірпігіне жабысып дала шаңы,
Әредікте ақ гүлдер адасады.
Сирек жауар жаңбырдан қалған суға,
Ақ тақыр мен боз жусан таласады.
Адыраспан аптаптың үні сіңіп,
Құмның төсін қақ жарып, гүлі шығып.
Бір нөсер келер ме деп жол қарайды,
Бірі түсіп, төбеге бірі шығып.
Қою бұлтты қояр ем арқандап-ақ,
Ол да бір сирек келер дархан қонақ.
Сол қонақты күтумен телміреді,
Айрақты тау шыңына арқар қадап.
Отпан тау деген ана керегем бар,
Жетегімде – жыр деген тебеген нар.
Біз күтіп жүрміз әлі бір нөсерді,
Адыраспан, жусан бар және мен бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу