Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  96


Автор: Оңайгүл Тұржан

ТЕҢІЗДЕР МЕН АДАМДАР

Қараңғыдан жартастар елегізіп,
Аппақ ай сәулесінен береді үзіп.
Түнгі елестей ақырын келеді әні,
Теңіздің ұйқысында кеме жүзіп.
Ал ертең...
Ертең «сұмдық» басталады,
Шулатып теңіз деген астананы,
Мүлгіген тыныштықтан билікті алып,
Теңізді долы жел кеп басқарады.
Қалтырап сағыныштың тоңады әні,
Теңіз өксіп жағаға оралады.
Толқындар қармақ қылып саусақтарын,
Қарғиды ұстамақ боп шағаланы.
Долы жел ала қашып алапты бар,
үрей кеп көңіліңді қамап тұрар.
Ноқтасын жұлып кеткен толқындарға
- Сұмдық-ай!- деп жартастар қарап тұрар.
Анау кеме –
Сөйлер ед берсе тілді,
Ығып кеткен бір үзім жер секілді.
Жұлысуда толқындар бір-бірімен,
Теңіз үсті – бүлінген ел секілді.
Арашашы аспанның сөзі – құрбан,
Жынды толқын жағаны мезі қылған,
Лақтырады жағаға балықтарды,
Патшалықтай өз елін өзі қырған.
Ал бүгін...
Дауыл тынды...
Күш қашқандай,
Толқындар сырласады тұстастардай.
Өкініш қана отыр жағалауда,
...Теңіздер мен адамдар ұқсас қандай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу