Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.07.2022
119
ЖОҒАЛТЫП АЛМА МЕНІ
Бұл нәзік жүрегіммен,
Сыр ұққам сал қайыңнан.
Бәсең бір үн едім мен,
Бәсеңдеу саз қайырған.
Өзіңді аңсап арман,
Жүректе жатты мына.
Орман ем ойға шомған,
Оралдым шаттығыма.
Біздерге жарасып ән,
Тұрдым мен шаттанып-ақ.
Көзімнің шарасынан,
Сезімді ақтарып ап.
Ақ айдын-арманымның,
Сен болып көгілдірі.
Жазира таңдарымның,
Жібектей төгілді үні.
Бір әнді ағытқанбыз,
Сыр айтып көкте күнге.
Осылай жолыққанбыз,
Жастықтың көктемінде.
Сондағы әніменен,
Желпитін саз боп келіп.
Сол көктем нәріменен,
Жүрміз біз жазды өткеріп.
Сол әнді өшірме тек,
Алыс қой арман елі.
Өмірдің көшінде тек,
жоғалтып алма мені.
Жоғалтсаң, қамықтырар,
өтсек те көп күздерді.
Қайтадан жолықтырар,
Жастық шақ... жоқ бізге енді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter