Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  106


Автор: Оңайгүл Тұржан

Қалалардан қашып шықты құла дүз...

Қалалардан қашып шықты құла дүз,
Сөзшең қоғам ортасында – мына бiз.
Атқан таң мен батқан күннiң арасын,
Апыл-ғұпыл, тапап өте шығамыз.
Кешегi күн – көшiп кеткен көршiмдей,
Бүгiнгi күн кешегiнi теңсiнбей.
Күнтiзбенiң бетiнде де тай-талас,
Мереке күн жай күндердi менсiнбей.
Көңiл-дөнен.
Басын жұла қашқанда,
Аспаныңыз жарамайды астарға.
Сәл нәрсеге мұңдануды қойғанбыз,
Төзiмiмiз көшiп алған тастарға.
Көшiп алдық, қалды еркелiк наз- әнi,
Тас та бiздi жатсынбады ғажабы,
Себеп: мына бiздердегi қаттылық,
Кейде. . . тастың өзiнен де озады.
Соңындамыз арман, құлқын, тiлектiң,
Сен аман бол, бейбiт заман, жiбек күн.
Бiздi қойшы.
Бiз уақытша пендемiз,
Қолындағы уақыт атты күректiң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу