Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  124


Автор: Оңайгүл Тұржан

Ой, заман...

Ой, заман,
Талай заман өтті нелік,
Тегіңді Ата жұрттан кетті бөліп.
Көк бөрі Көк туымнан қарғып түсіп,
Түркінің тегін іздеп кетті делік.
Іздейді ол
Ұлы ойлардың орманынан,
Іздейді ұлы Қытай қорғанынан.
Каспийден аттап өтіп бір із кетті,
Дунайға қарай тартты жолда бір ән.
Бүгін менің түсіме теңіз кірді,
Қатар еміп тұр екен сегіз күнді.
Ер Түркінің тұқымы, сен не дейсің
Жүрегіңде жұлдыз тұр сегіз қырлы.
Сегіз қырлы бір жұлдыз,
Төрге ілемін,
«Сегіз қырлы, бір сырлы бол» дегенің.
Сегіз өрім қамшы өріп қолға ұстаттың,
«Біріксең күшің қандай, көр!» дегенің.
Сегіз қырым,
Бір сырға айналалық,
Ер Түркі бақ табады қайда барып?!
Жарты Ай кетіп барады көк жүзінде,
Көк туға қонсам-ау деп ойға қалып.
Көк бөрі көрінді аңыз алабынан,
Көзінен жас емес-ау тамады қан.
Көк тудың күн көтерген айдынынан,
Көрінді Күн көтерген ана қыран.
Кел, Қыран!
Жанды бағы үні бардың,
Маңдайында жап-жарық күні бардың.
Күнге лайық елміз біз,
Бөріліктің,
Арқасында өлмедім,
Тірі қалдым.
Қыран қанат ел болдық,
Бөктері кең,
Күннен ұшып жаныма от келіп ең.
Тілек тілеп жұртына дала жатыр,
- Көз жазып қалмаңдар тек көк бөріден.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу