Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  107


Автор: Оңайгүл Тұржан

Өкiнемiз iшкен асты қоя сап...

Өкiнемiз iшкен асты қоя сап,
Қарманамыз ақыл-ойды жая сап.
“Бол, бол!” деумен қаратпады тарихқа,
Сағатына қарап тұрған саясат.
Бiз тапқанша азат күндi, жарықты,
Сыпырғанша бойдан құлдық-қамытты,
жылнамамның беттерi өлiп, кей тұста,
әрiптердiң жұрты ғана қалыпты.
Тiрi жанға тiл қатпайды құба бел,
Балбал тас боп тұрп қалған қыран ел.
Көп бедерiн сүрте-сүрте таусыпты,
Жер шарына сыймай жүрген мына жел.
Талайларда түп-тамыр жоқ, мұра жоқ,
Талайларға от кiнәлi, кiнәлi оқ.
Теңiздер бар бiр тамшысы қалмаған,
Аңқау желдiң түпнұсқасы, сiрә, жоқ.
Желдiң жасы неше де екен, кiм бiлген?
Әлде сол ма. . . тас-тарихты бүлдiрген.
Жел боп соққан қызғаныштар қаншама,
Өткен күндi қарауылға iлдiрген.
Күлтегiннiң көк тасына қарашы,
Неше жерден оқ тигенiн санашы.
Ендi қашан жазылады тарихтың,
Денесiнде жатқан осы жарасы?
Тарих деген қазынаңды танытқыз,
Бiз – ескiден жеткен сәуле, жарықпыз.
Алтын адам, халқым, сенiң түпнұсқаң,
Бiздер алтын өмiр сүрген халықпыз.
Сан белесте бiр жүрiп, бiр тоқтала,
Бостандыққа ендi жеттiк сақтана.
Азаттықтың жолы, әрине, қым-қиғаш,
Түзу жолмен ұшатын тек оқ қана.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу