Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  96


Автор: Оңайгүл Тұржан

ЖЫНДЫ ӘУЕН

Өткiр сәуле қара түндi пышақтап,
Жынды әуеннiң ыржақтайды тiсi аппақ.
Өз сүйегiн өзi шашып ойнаған,
Жын-шайтанның моласына ұсап қап.
Жынды әуен
Басын ала қашқанда,
Есiрген би оған дүрсiл қосқанда.
Жер үстiнде қаза тауып өзге үн,
Төбемiзден безiп шығар аспан да.
Сол дүрсiлден тұнып түннiң құлағы,
Ұйқылардың быт-шыт болып шыдамы.
Гүлзардағы гүлдiң миы шайқалып,
Өлеңiмнiң күл-талқаны шығады.
Жапырағын ұйықтата алмай дархан бақ,
Есер әуен ақыл-ойды талқандап.
Тыныштықты жыртып-жыртып лақтырып,
Қара түндi сабағандай арқанды ап.
Қара түннен кiмдер көшiп кете алар,
Өмiр қайда, өлең қайда бет алар?
Қара түннiң қожайыны бiз дейдi,
Түнгi клуб, есер дискотекалар.
Таң сыз бере басылады солып паң,
Қала тұрар шыққандай боп тамұқтан.
Көшелерiм мең-зең, дел-сал.
Есер үн
тына қалар,
Жасқайды оны Жарық Таң.
Тыныштық-ай, пiспей қалып тұр мәуең,
Бұл сұмдыққа тапсам деймiн бiр дау-ем.
Ендi
Жарық күндi жайлар деп қорқам,
Түндi бiзден тартып алған жынды әуен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу