Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  118


Автор: Оңайгүл Тұржан

ҚАЙ ӘРПІҢДІ ТҮЗЕТЕЙІН, ҚАТЕЛІК?

Талайлардың заты да өлдi, аты өлiп,
Бiз де сонау заманаға жат едiк.
Ғасырлардың бетi толған адасу,
Қай әрпiңдi түзетейiн, қателiк?
Кеткен аз ба бiрi-бiрiмен қауыша алмай,
Ендi өзi-өзiн түгендеуде бар шалғай.
Ұлы Қытай қорғаны отыр миы ашып,
өз кiрпiшiн өзi санап тауыса алмай.
Мұң да бiттi көңiлiңдi жайлайтын.
Асығыстық - ендi мида қайнайтын.
Дауылдар да ендi ойланып қалғандай,
Мұхиттарды шашып-төгiп ойнайтын.
Шашып-төккен тiрлiктi кiм құрайды,
Уақыт, шiркiн, босқа өткен сыңайлы.
Жапырақта жалғыз тамшы дiрiлдеп,
-Мен де мұхит болғанмын, - деп жылайды.
Талайлардың сандығында жатты бақ,
Талайлар жүр өзiн өзi шақ құрап.
Құйындар жүр өз тарихын бiлмейтiн,
-Кiм бiлед? – деп көрiнгенге шапқылап.
Тұрды кейде ертеңiмнен шошып ой,
Тарих деген – iз кескеннiң досы ғой.
-Мен кiммiн? – деп бiз ешкiмге бармаймыз,
бiздiң ұлы бақытымыз – осы ғой.
Оқпен атып, шапқанда да насырға,
Бой бермеген жылдарға да, ғасырға.
Кiм болғаның, кiм екенiң жазылған,
Күлтегiннiң ғажайып көк тасында.
Өсем десең – өткен шаққа ие бол,
Келешектiң сынбас, асыл сүйегi ол.
Өткен шаққа оқ атқызба, себебi,
Болашаққа барып тиедi ол!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу