Өлеңдер ✍️
ТҮСІНІП КӨР МЕНІ ДЕ
Уақыт жүйрiк.
Не iстейтұғын мұршаң бар,
Күн мен түндi есептейдi кiл сандар.
Құйындарға аң-таң болып қарайды,
Қыдыруға қолы тимей жусандар.
Жусандардың iшкi iсiне кiрiспей,
Құм жатады шаршап, тынған ұлы iстей.
Бейнетқор да, адал құмырсқалардың,
Iзi жатыр құмға түскен тiгiстей.
Кейде нөсер жауады бiр төпеп кеп,
Таңдамайды – тау үстi деп, етек деп.
Шырмауықтар шырматылып тағдырға,
Өзендер жүр бiрiн-бiрi жетектеп.
Қара жолдар елсiздiкке айдалып,
қаңбақтары жүгiруден бәйге алып.
Шөл даланың ыстығына кепкендей,
Күлкiлерi
мумиеге айналып.
Соның бәрiн. . .
көңiлiммен шарлаймын,
өмiр көшер шаттығына жалғай мұң.
Өлеңiмнен көмек сұрай келедi,
Теңiзге өзiн түсiндiре алмай құм.
Сары құм-ай, қинайды өмiр сенi де,
Не айта алам сенiң бұйрат белiңе?
Адамдар да түсiнбейдi бiр-бiрiн,
Мықты болсаң, түсiнiп көр менi де.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter