Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  130


Автор: Оңайгүл Тұржан

АРХЕОЛОГ

Қолында оның жүйрiктiк бар озатын,
Таң оянып, тiрiледi қаза-түн.
Археолог – төзiмдiлiк Құдайы,
Жер қойнауын инеменен қазатын.
Ине-адыммен ұмтылғанда сыр-құтқа,
Мұз дәуiрлер қалқып шығар құрлыққа.
Кейде әлем мұқтаж болып тұрады,
Сол ине-адым жерде жатқан шындыққа.
Ол шындықты археолог табады,
қара жерiм – шексiз жұмбақ қамалы.
Алып кiтап секiлдi ол.
Оны тек, археолог қана оқи алады.
Небiр ғасыр – өзiн ғана ойлаған,
жанып өткен, тайқазанда қайнаған,
небiр дәуiр – мұхиттарды азғырып,
теңiздердi бiр шыбықпен айдаған,
небiр уақыт – тас дәуiр боп түнерген,
небiр заман – топан суға тiрелген,
Азияны баласындай арқалап,
Африканы қап-қара ғып жiберген.
Мiне, солар көзге үйiрiп тамшы мұң,
көне затқа айналып кеп баршын-үн,
жылап тұрып археологқа баяндар,
жанға айтпаған түнектегi жан сырын.
Толқыған соң,
көңiл солай толқысын,
Археологқа көрсетедi ол өрт-iшiн.
Ескi жылдар шешiп берер шашына,
төгiлдiре таққан күмiс шолпысын.
Күмiс шолпы сыңғырлайды мың тiлдi,
қара шашым қарайды оған түн-тiндi.
Қазағымның көп төгiлдi көз жасы,
Күмiс шолпы, қорға күмiс күлкiмдi.
Жылдар сосын ап шығады қазанын,
қазанында толып тұрар қазақ-үн.
Алтын сапты қылыш та өзiн ұсынар,
Жүзiнде оның – қазалым мен жазалым.
Құт-қазаным, өр салтыңды ұмытпа, ал...
дәм татқан-ау сенен талай ұлықтар.
Менiң қайсар қазағымның ендi сен,
қолындағы молшылық боп тұнып қал!
Алмас қылыш – жарасқансың даңқыма,
Бейбiт күнге келдiң.
Бiрақ…балқыма!
Аңдып жүрген жау әлi де аз емес,
Сес көрсетер айбатым боп жарқыра!
Ал, шырағдан!
Қасиеттiм!
Киелiм!
Маң-маң басып ғалам шардың жиегiн,
жүгiн артып жиы-р-ма бес ғасырдың,
келе жатқан керуен – он түйелiм!
Шырағданым – қолымдағы байрағым!
Сан ғасырды жарық қылған, қайраным,
“Тарихың жоқ!” дейтiндердiң алдында,
Көрсететiн сен – тағы бір айғағым.
Шырағданым, қондың, мiне, тұғырға,
Ақиқаттың көзi ескiде, шынында.
Ұлы өзгерiс әкеледi ол кейде,
күллi ғалам ұстанатын ұғымға.
Шырағданым – алтын түйе мүсiндiм!
Ақтара алар ақиқаттың iшiн кiм?
Археолог шындық iздеп шарқ ұрар,
сәулеңдi сен сол шындыққа түсiргiн.
Қалай шықтың?
Қалай ғана табылдың?
Сенi көрiп, қарай қалды лағыл-күн.
Шырағданым, ендi қазақ халқының,
маңдайына шырақ болып жағылғын!
Шырағданым – он түйелiм, ұлық-тек,
орыныңнан бiр сiлкiнiп тұрып-бек,
қазағымның ұлы көшiн баста да,
мың ғасырға тағы iлгерi жүрiп кет!
Ел рухы өткенімен бекір-ді,
Сен – тарихтың шырағданы жеке үнді.
Сендей дерек тауып, сақтап жүрген Ер –
Қазағымның шырағданы секілді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу