Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  158


Автор: Оңайгүл Тұржан

ТАРИХҚА ЖАЯУ КЕТКЕНДЕЙ...

Көңілде бітпес құса қап,
Жеңіліс тауып, кек керней.
Жорықтар аттан түсе қап,
Тарихқа жаяу кеткендей.
Жолдар да мұнда тоғысты әр,
Замандар кетті жал асып.
Тарихта өлді соғыстар,
Мылтығы оққа таласып.
Кім білсін – нені іздеді,
әлемді кезіп, шұбыра.
Жаяудың жатыр іздері,
Оранып қырдың құмына.
Қыш құмыраның ішінде,
Сақталып қалған Сақ-қала.
Тұрысың – дана пішінде,
Жетпей тұрғаны – Бақ қана.
Мың белгі тұрды мүрдеңде,
Аң-таң боп бізге қарасып.
Патшалар өлді бұл жерде,
Бақ емес... Таққа таласып.
Өткеннен өшпес қалды сыз,
Жұлысып жетті тақытқа.
Жеңістер болды нанғысыз,
Жеңістің бәрі бақыт па?!
Бақ жайлы жақ ашпады олар,
Таластыратын – сор еді.
Бақ үшін таласпады олар,
өйткені БАҚЫТ жоқ еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу