Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  99


Автор: Оңайгүл Тұржан

ЕРТЕҢ. . .

Сахна ғой ұлы өмiр,
Ұлы өмiрде әртiс болып жүре бiл.
Көз жасыңа таңқалмайды ешкiмде,
Сондықтан да Сахнаға күле кiр.
Күншiлдiк жүр –
Бақа көздi, қарға тiл,
оған көнiп әлсiз де отыр, зор да отыр.
Сахнада – саясаттың майданы,
ал опера залда отыр.
Оны өткiзбес шымылдықтың жартасы,
Ұлы оркестр – музыканың қаңқасы.
Сахнада өмiр кетiп барады,
ұшқын атып айтыс-тартыс, жаңқасы.
Бүгiн . . .мейлi, құл бол, күл бол, шығындал,
Ертеңгi өмiр, ертең ғажап күнiм бар.
бүгiн өмiр сүрiп көрген жоқпыз бiз,
Ертеңiң бар!
Бүгiн төзе тұрыңдар!
Ертең деумен ғасыр бiттi, қиын-ақ,
жалаңаяқ үмiттен нұр құып ап,
Сахнада боран кешiп жүрмiз бiз,
Етiк жайлы ертегiнi киiп ап.
Ертең мен де етiк кием, шыдап тұр,
Сахнада – тек саясат, құлақ түр.
Ертең күлем деген ұлы сенiммен,
Босағада комедия жылап тұр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу