Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  326


Автор: Рахат Қосбармақ

АҒАНЫ АҢСАУ

Жарық жұлдыз жарқ етеді де, сөнеді,
Пенде үшін ғұмыр қысқа, себебі.
Жақсы адамдар жан-жағына тек қана
Шұғыласын шашу үшін келеді.
Ақ Сәкең де мынау қысқа тірлікте
Маңайын тек мейірімге бөледі.
Халық үшін қызмет етіп қаламы,
Өмір жайлы сыр ақтарды өлеңі.
Жаны жайсаң адам еді, жан-жақты,
Тұла бойда тұнып тұрған өнері.
Ұстаз болып, ұлағатты сөз айтты,
Ұрпағына өнеге қып өрелі.
Терең оймен, тебіренген сезіммен
Тектілермен кеңес құрды келелі.
Жиын-тойдың, ортасының гүлі еді,
Еркелеген ел ішінде ерегі.
Жұрты үшін жүрегіне жүк түсіп,
Ел қамы үшін еңіреген ер еді.
Жан ағаның жақсылығын білдік пе,
Әр күн сайын сезіледі керегі.
Он жыл өтті ол өмірден өткелі,
Бізді тастап, біржолата кеткелі.
Өтті солай жан ағасыз жабығып,
Он жыл қыс пен өтті он жыл көктемі.
Орны қалды Отман таудай ойсырап,
Қалды артында жазылмаған дәптері.
Қоңырайып, қолы тимеген иесінің,
Құлазиды домбыраның шектері.
«Арқыраған Адай Сайын қайда?» деп,
Амал қанша, ешкім елең етпеді.
Жан емес ед қалатұғын жоқтаусыз,
Іздейді оны Қаратөбе бөктері.
Заман қазір қажетсінбей тұрса да,
Далам оны шығармайды шеткері.
Қоғам үшін түсті от пен суға да,
«Ертеңгі ұрпақ ескереді, - деп, - мені».
Бастыққа да, басқаға бас имеген,
Арда мінез, асыл туған текті еді.
Азамат-ты туған жұрттың бағына,
Таласпады ешкімнің де тағына.
Тіршілікте тіке сөйлеп, тік жүрді,
Жағымпаз боп, көрмеді ешбір жағына.
Ел қорғаған Ер Досанды тірілтіп,
Арашашы болды батыр арына.
Аласұрып, Алты Алаштың қамын жеп,
«Адай» деген газет ашты тағы да.
Алқалаған әлеуметтің алдында
Ақтарылып сөйлеуші еді ағыла.
Арасында «Маңмаңгерге» басатын,
Ақ домбыра ала салып қолына.
Әр әнінде тұнып тұрған сағыныш,
Әр сөзінде жататұғын мағына.
Бұл өмірде көрмей өстік еш жоқтық,
Арқа сүйеп ағалардың барына.
Тірі кезде кім біледі қадірін?!
Ал бүгінде аңсаймыз біз сабыла.
Сақал сатқан «шалшықтарды» көргенде,
Сайындарды еске аламыз сағына...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу