Өлеңдер ✍️
АРАҚ
«Шөліркеп, шарап ішсең, данамен іш,
Немесе гүл майысқан баламен іш.
Аздап іш,
Анда-санда тығылып іш,
Мас болмай, мылжың болмай, шамамен іш».
(Омар Һайям)
«..Кіріседі ағам жаңа күшпенен,
Жасардай қазір бір атақты ерлік.
Адольф Гитлер арақ ішпеген,
Ал содан қандай рахат көрдік?!
...Сөйлейді жеңгем;
«Түбінде сендер
Өз түбіңе өзің жетесіңдер ғой.
Бір-екі күндей сімірмесеңдер,
Гитлер болып кетесіңдер ғой!».
(Жұматай Жақыпбаев)
«...Содан кейін «әлгіні» ащысынбай,
Жұтып-жұтып жіберіп тұщы судай;
Вокзалдарда шығарып сап тұрады –
Бірін-бірі бір елдің басшысындай».
(Қадыр Мырзалиев)
«Ақ арақ,
Араздасам сеніменен,
Айтысып көремісің меніменен?!».
(Жеткізген Сейітов)
«..Арақ, арақ,
Сені ішем,
Өкпелесем жарыма.
Арақ, арақ,
Сені ішем
Біреу тисе арыма.
Басқаны алмай,
Сені алам
Қолымдағы барыма...
...Түсің аппақ, мөлдірсің –
Ақымақты жұбатар.
Әттең,
Бірақ көлгірсің –
Ақылдыны жылатар».
(Айтуар Өтегенов)
«..Арақ, арақ,
Айналайын ақ арақ,
Ақ дәмімді неғылайын табалап?!
Жарықтықтар, жарты сағат бас қоссақ,
Жайық бойын кетеміз ғой жағалап.
Арағыңнан өзім бірақ татпаймын,
Ардың жібін енді қашан аттаймын?!
Оразаға орта шөлмек ашатын
Омар Һайям құсап неге жатпаймын?!».
(Мэлс Қосымбаев)
Талантын жерлеп таз-далам,
Мәңгүртке қарап мәз ғалам.
Қара жер,
Сенің төсіңде
Қабір қалды ма қазбаған?!
Маңғыстау,
Сен деп түсіндім
Махаббатымды маздаған.
Ал айтшы, маған көрсетші,
Адырың бар ма азбаған?!
Шарбаққа шайтан ұялап,
Қорымдарыңды қозғаған.
Әулекілерге тең болды
Әулие сынды әз-бағаң.
Әлдекімдерге жем болды
Жамырай қонған жаз-қалаң.
Мен кімге енді еркелеп,
Кімге мен енді назданам?!
«Жыландарыңды құртам» деп,
Жынданып кете жаздағам.
Уға тұншығып өлулі
Ұяты барлар аздаған.
Ақының, сірә, қалмапты
Арақ туралы жазбаған.
Ішкенде ләйліп қиялы,
Ізгі сезімін тыяды.
Жолбарыс-ашуы оянса,
Жоқ, сірә, адам сияғы.
Жолында тұрған нәрсені
Жоқ қылып, көзін жояды.
Бұрқырап исі мүңкіген,
Бұтарлап, бұзды ұяны.
Ішіне қайдан сыйсын ол,
Шөлмекке ғана сыяды.
«Мұқағали өстіп ішкен» деп,
Мұрнында ащы қияры;
«Шәмші мен Шәміл болам» деп,
Көмейге уды құяды.
Монша-барларда мойыды
Могикандардың тұяғы.
Шарапханаларда шіріді
Шалдардың асыл қияғы.
Ақындарыңды жыр өрген,
Аруларыңды нұр емген
Айналдыратын әп-сәтте
Албастыларға түнерген
Арақтың аты – жынды су,
Арысты матар шідермен.
Шоқынды көрген мүміндей
Шошынып көңіл, үдерген.
Уласа зәндем саясат,
Ұрпақтар одан тірі өлген.
Ұлтанды елді қор қылып,
Ұлттарды жойып жіберген.
Арақ деген, бұл – аққан у,
Ар жағы – шайтан, от-қару.
Ібіліс езген іріңдей
Жер-дүниеде жоқ қару.
Далада қалар мөңіреп
Дәстүр тану мен салт тану.
Ағайындарды айырып,
Араздық отын жаққан у.
Қаңқу-өсекке қалдырып,
Қарақұрт болып шаққан у.
Талай таланттың тағдырын
Талқан қып, жүгін артқан у.
Иман-нұрыңнан айырып,
Иіріміне тартқан у.
...Тәуір-ақ іштік арақты,
«Тәтті» уын бойға таратты.
Ыржақай кешпен күн батып,
Ырду-дырдумен таң атты.
Жымсиған жуас талайды
«Жын» қылып қайта жаратты.
Басын да жерге қаратты
Бәйтерек сынды дарақты.
Тамырды байлап бөтелке,
Талайға болды абақты.
Айналғанда жанардан
Жас емес, қара қан ақты.
Ой, ішкен кезде іріміз,
Түспейді ешкімге күніміз.
Әкіреңдедік әл бермей
Бірімізге біріміз.
Лупамен қара-ғандай боп
Ұлғайып кетер мініміз.
Түймедей нәрсе – түйедей,
Төбелеспен бітті жырымыз.
Есерлік толы күніміз,
Есуастықпен өтті түніміз.
Ертесіне отырдық
Қағылғандай боп жынымыз;
Абырой – қырыққан тоқтыдай,
Артынан шықпай үніміз:
Біреуге тиіп қолымыз,
Біреуге тиіп тіліміз.
Аузымда жалғыз Алла боп,
Кетпесем-дағы молда боп;
Ақылды ақыр тоқтаттық
Омақасарда орға кеп.
Өкіртіп ішкен өңез-су
Түсірді талай торға кеп.
Жын иектеді бойымды,
Жыға жаздардай жарға кеп.
Осыны қойдым ақыры –
Он жеті жылдай қолда боп;
Он алты жаста ішкен у
Отыз үшімде зорға деп.
Ішкен күнді де көргем көп,
Ішпегенде де өлгем жоқ.
Айбын-даңқымды асырып,
Абырой-атақ келген жоқ.
«Артық іштің, - деп, - арақты»,
Байрақ пен бәйге берген жоқ.
Отырғаным да шамалы
Орыным тура төрден боп.
Шеңбірек атып тойғасын,
Шешен тілден де ештеңе өнген жоқ.
Керемнен шығып ішсем де,
Шыққан бір мүйіз көргем жоқ.
Айтқаныңды ешкім ұқпаса,
Арағын езіп, ұрттаса;
Адамнан не үміт, не қайыр –
Ақылға бәрін жықпаса?!
Нәмәрттік жасап көзіңше,
Нәпсінің жайын құнттаса.
Парасат бұдан көрмедім
Пайдасы тиер жұртқа аса.
Мен білсем,
Мүйіз шықпайды –
Меңіреу боп қалар мықтаса;
«Масқара!» деген нән мүйіз
Маңдайды жарып шықпаса!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter