Өлеңдер ✍️
ТІРЛІК ТУРАЛЫ ПӘЛСАПА
Қу тірліктен қанжілік боп қажыдым,
Салатұғын әнімнің де сазы – мұң.
Қара терек қайғы болды қазығым,
Уменен тең уайым боп азығым.
Ойлап тұрсаң, осы дүние – тор екен,
Заманынан озып туу – сор екен.
Таланына жазылмаған нәрсені
«Тағдырынан тартып алам» деп жүрген
Пенденің де пейілі тым зор екен.
Өмір деген – өлшеуі жоқ нәпсі мен
Иманыңмен итжығысқа толы екен.
Жер түбінде жеткізбейтін қу арман,
Шерге толы шет-шегі жоқ жол екен.
Адам деген – арман қуған айкезбе,
Жарық дүниеде жаратылыстың қоры екен.
Өлім деген – тәуір қиял, тәтті у,
Өлшемі жоқ сол арманның соңы екен.
Мейірімсіз мынау әңгі әлемде
Менің ешбір тойланбастай мерекем;
«Көрдім» десем, көрешегім көп екен,
«Болдым» десем, боркемік те, бор екем.
Қолда барды қалай ғана қор етем?!
Беу, дүние,
Бес күндік боп берекем;
Ешкімге де керексіз боп қалғаннан
Ауыр азап жоқ екен!..
…Қой, мен сабыр етейін –
Мұң-зарымды мұндар-дүние ұққанша,
Әбілетті Әділет кеп жыққанша.
Күншығыстан таңым күліп атқанша,
Көкжиектен күнім қайта шыққанша...
...Бұл дүниеде болып жатыр жұт қанша,
Сұм-жанарлар сұлулыққа сұқтанса –
Құрып кету қаупінен бұл Әлемді
Құтқара алар тек Адалдық құтқарса!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter