Өлеңдер ✍️
«ШАБЫТТАН» КЕЙІНГІ ШАМЫРҚАНУ немесе АСТАНАНЫҢ АҚЫНДАРЫ
Ұлы ақындар ұсақтамай өледі,
Қанында өжет қайсарлық бар, себебі.
Кейде менің бар қызықтан баз кешіп,
Кең дүниені кезіп кеткім келеді.
Дәруіштік өмір қандай ғажайып!
Диуаналар жайлы өлең жазайық.
Таза бұлақ суын ішкен тарландар
Онсыз-дағы бара жатыр азайып.
Аламанның бәйгесіне ағыла,
Күреңімді қосып көрдім тағы да.
Мен Меңдекеш бола алмадым, амал не,
Есенғали ертпей кетті шаңына.
Төре тұтар,
Төмен санар өзін кім?!
Түндер бойы төңбекшумен көз ілдім.
Мейірханның ішкен уын татқан соң,
Хафиз жазған қайғы дәмін сезіндім...
...Кіндік қалам, кілең керуен тоқталған,
Есігіңді қақпай кіріп, кеп қалғам.
«Алматыдан алған үлгі-өнеге
Астанадан көрсем екен» деп барғам.
Бекер екен,
Биігінде тақ төрдің
Басында айыр қалпағы бар «бақ» көрдім.
«Туғаны жоқ тура би ме» деп қалып,
«Иманы жоқ туғанды биге» тап болдым.
Алыс жүрсең, біле алмайсың анығын:
Бұл қазақтың нәмелтай кім, нәні кім?!
«Астананың ақындары» дегенді
Маскаларын шешкен кезде таныдым.
Туа салып, өліп жатыр бекерге Ой,
Сезімдерін тұншықтырып секемді ой;
Дегдарлық пен Тектіліктің барлығын
Кеңсай жаққа көміп кеткен екен ғой.
Баяғының шалдарындай бағалар
Қайда қазір саңылауы бар саналар?!
Алматыға ар-ұятыңды қалдырып,
Астанаға неге келдің, ағалар?!
Тентіретіп назарын да нар ұлдың,
Өлтіретін даусын барлық дарынның,
Өшіретін өртін асау жалынның,
Көшіретін көктемін бар бағыңның;
Астананың ақындарын көрген соң,
Ауылымның қатындарын сағындым.
Ой, тәйір-ай!
Осы ма еді бас қалаң,
Осы ма еді мақтап жүрген Астанаң?!
Одан-дағы Отман тауым мың артық
Киелі ұшын кірлі аяқ баспаған.
Осы нені ойлайды екен Елбасы?!
Болмысына көз жіберсе болмашы:
«Астана» деп айдар тағып жүргенің –
(Адамнан ба, заманнан ба – білмедім),
Толтырса да қазынаның тоннасы,
Көзі тоймай, өзі тоймас дорбасы;
Аннан қашқан-мыннан қашқан кіл қудың,
Қырық ру құрандының ордасы.
Жүз күн сүтпен жуса, зорға ағарар
Күнәһардың көңілін кім таба алар?!
Адай болып туғанымнан көрмесем,
Кімнен көрем, кінә таққыш ағалар?!
Биігіңді белгілейтін бес күнде
Қайран қалам кіл кемеңгер кеспірге.
Жерқұрт болмыс-бітіміңмен, жан аға,
Жек көрсем де, қимаймын мен ешкімге!
Түбі шірік, басы биік мұнара
Кімнің үстіне құларын да сұрама.
Сен осынау ұсақ, қиқым қалпыңмен
Сексен достан қымбатсың ғой, Ұлы-Аға!
Көңіл – арсыз, көпті сүймей тұра ма,
«Қолдан келсе, қоныштан бас» қыл, аға!
Құшағыңның босауын бір күтейік,
Қу нәпсінің құлы болған Нұр-Аға!
Бұртаң қағып, ренжімен бұған түк,
Қайтем босқа жүрегіме жүк артып?!
Астанада жүлік болып жүргенше,
Маңқыстауда жәй жатқаным мың артық!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter