Өлеңдер ✍️
ХАЛҚЫМА ҚАРАТПА
Шақырып жарқын өмір, жарық теңдік,
Ақырып ұран отын жағып көрдік.
Бірақ та бірлігіне сызат түскен,
Біз-дағы қарғыс атқан халық болдық.
Таба қып дұшпанға да, досымызға,
Озбырлар ортақтасар асымызға.
Лақтырған Тәңірінің тасы тағы
Лағып кеп, тиер біздің басымызға.
Шындықтан шынжыр қашан алынады?!
Жерінер бізден ата әруағы:
Егемен елдік белгі – көк байрақты
Есерлер көрпе орнына жамылады.
Қыршын жас, қызғалдақ-қыз болып құрбан,
Заманың осы ма еді зарықтырған –
Қаптаған қара қытай, казак-орыс
Үстіне елтаңбаңның сарып тұрған?!
Ақыны замананың зарын қаққан,
Дәуірің осы ма еді дабылдатқан –
Өзіңнен туған ұлың өгей болып,
Алқымынан анасының алып жатқан?!
Тірі боп таңғаласың жүргеніңе,
Ірі боп, піскен кезде құл деміне;
Дейді де: «Демократия жасай берсін!»,
Қадайды қара балта діңгегіне.
Жабылды қырық қаншық бір бөріге,
Табылды табалаушы Күн де күле.
«Адалдың аты озбайды» деген осы,
Шығармас Шындықты ешкім шың-көгіне.
Іргеден тұмсық тығып, бәрі үреді,
Қашаннан қазақ байғұс қарық еді?!
Басшысы жалтақ болған байғұс елдің
Басына қашан шырақ жанып еді?!
Мүжәлсіз, күйін кешкен кіл өгейдің,
Мүсәпір болған халқым, тірегей Күн!
Қазіргі сен басыңнан кешкен халді
Қас түгіл, қара тасқа тілемеймін!
Апырай, келер күннен қауіп етем,
Қазақтың қасқалығы анық екен.
Еркіне жібергенде малдан жаман,
Ешқашан ел болмайтын халық екен.
Хан азса, азары анық халық мүлде,
Бәрібір бұл қазаққа, тарықтың не –
Данко*** боп, жүрегіңді жұлып алып,
Ермейді бастасаң да жарық күнге.
Жауы көп ойы – дұшпан, сөзі – сына,
(Көз сатқан көрдегінің жозысына).
Өзіне тағы дұшпан өзі, сірә...
Бұл қазақ «Оянам» деп ойлағанша,
Кер заман кетер асып көз ұшына.
Басында шәйнам ми жоқ құлтекелер
Бастайтын бағдары жоқ, құр жетелер.
Осынау қасқыр тартқан қой секілді
Обалын қазағымның кім көтерер?!
Обалын кім көтерсін, заман ғана,
О, заман!
Артар бәрін саған ғана.
Сондықтан сорың қайнап, қамсыз халқым,
Ұйықтай бер дәл осылай, алаңдама!
Боздаған үнге айналып биік әнің,
Осылай сығыркөз боп сыйынарың –
Басыңды кесіп алып кеткенінше
Бата бер батпағына ұйыманың!
Қазағым, жатырмысың қарық болып,
«Басың бақ пен Қыдыр дарып-қонып?!»
Осылай тозған торғай боп жүре бер,
Оянба, кетерсің сен халық болып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter