Өлеңдер ✍️
БІЗДІҢ ҰРПАҚ
Біздің ұрпақ – бүгінді көрген ұрпақ,
Дүниеге дүбір боп келген ұрпақ,
Санатына ерлердің енген ұрпақ.
Сапырылысқан сан қилы кезде туып,
Садақаға жастығын берген ұрпақ.
Біздің ұрпақ – тағыдай тарпаң ұрпақ,
Жамалына қарайтын жан таңырқап.
Дала мінез, дария, дархан ұрпақ,
Екі ғасыр есігін еркін ашқан,
Еңкеймеген еліне қалқан ұрпақ.
Біздің ұрпақ – атылған асау ұрпақ,
(Қарт тарихтың қайла-тіл, қашауын тап!)
«Келер ұрпақ, не болар келешегің?»
Деп біз үшін кім енді бас ауыртад?!
Біздің ұрпақ – сәбидей аңқау ұрпақ,
Сәбиіңе сәл бұрыл, қартаң ұрпақ!
Мына сіздер секілді мықты ұрпақ бұл,
Және сіздер секілді жалтаң ұрпақ.
Тарпаң болып көргенбіз біз де қарғып,
Бір ғасырда бітпейтін сөзге қалдық.
Жалтаңдықты сіздерден үйренгенбіз,
Тарпаңдықты тағы да сізден алдық.
Біздің ұрпақ!
Несіне жалтаңдайсың?!
Заман жүгін зорықпай тартар қайсың?!
Жаманатын ағаның арқаламай,
Аманатын ананың айта алмайсың.
Сондықтан да жалтарма, біздің ұрпақ,
Қылыш жүзді, қыр мінез, қызғын ұрпақ.
Ұрандайды биіктен біздің дауыс,
Тұра алмайды енді ешкім бізді қымтап!
Сел құйылып, сезіммен Күн теңесіп,
Кел, жиылып алалық бір кеңесіп;
Бір айтатын кез осы айтарыңды,
Біздің ұрпақ, сөзіңді айт, мінбеге шық!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter