Өлеңдер ✍️
ҚАНДАҒЫ АЛТЫН
«Ең ғажап деп ел мақтаған сәтті ұғам,
Адамың да, Аллаңыз да жақ бұған.
Мейірімге толы толқын тулаған
Менің қаным – дүниедегі тәтті қан.
Менде ғана ғазиз жүрек, ғажап қан,
Дұшпан мені аз атқан жоқ, аз атқан.
Сұйылған жоқ қаным менің сонда да,
Бастау алған баба тегі – Қазақтан.
Ей, адамзат, сәбиің бар, қартың бар,
Қандарыңда қасиет бар жарқылдар.
Мендік қанның құрамында дәл сондай
Жұмыр басқа жұмбақ болған алтын бар.
Қаны жоққа тағылады бар айып,
Қаны жоқтар келе жатыр молайып.
Қаным сұйып, қасиетім сарқылса,
Қара жерден күтпең мені, халайық!
Ақ жүрекке қалқан болар қабырға,
Асыл қанды адам теңер лағылға.
Қаным біткен күні мен де өлемін,
Нақ сол күні шығар менің жаным да.
Базбіреуге барылдауық үйрек таң,
Менің қаным – жер-жаһанда сирек қан.
Мендегі қан тек тектіде болады..»
Күнұзаққа күбірледі сүйдеп Тән.
Осылай деп күбірледі текті Тән,
(Алқызыл түс ақиқатты бек тұтам).
Ал бүгінде пенделердің көбінің
Сықпыты сол – сирағы жоқ көкқұтан.
Түзу сөзді болса егер жан тыңдар,
Түгел дана боп кетпес пе халқым бар?!
Қасиеті сұйылмаған қанға ие
Мына менде нағыз сирек алтын бар.
Алтын деген – қандағы бар қасиет,
Барлық мықты сол алтынға бас иед.
Ал кей кезде алтын іздер алыстан
Ақымақ бас, тайқы маңдай, тас иек.
Қандағы алтын!
Мен сені іздеп жүр едім,
Жоғалмашы – тірліктегі тілегім.
Кең дүние кепкен тамырға айналар,
Сен жоғалсаң, мынау тірлік – мың өрім.
Жоғалтатын болсақ сені – шын өлім,
«Жол кесілді, біткенім» деп білемін.
Алтынынан адасып қап жүргенді
Көрген кезде ауырады жүрегім..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter