Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  110


Автор: Рахат Қосбармақ

АРМАН-АЙ!..

(О дүниеліктің ойлары)
Қаны бойда қызынған,
Көргеннің көңілі бұзылған;
Қарш-қарш шайнап ауыздығын,
Қара жерді қарпыған;
От орнындай тұяқпен
Ойнақтап, тасты тарпыған;
Қашық жолға қажымас,
Қайрат ескен зарпынан;
Жерді сызған құйрығы,
Жүгіргеннің жүйрігі,
Жұмыр жон талай арғымақ
Бізден де қалған, қарағым!
Құлындайын құлпырған,
Сыңайына сыр тұнған;
Көзіне назы ұялап,
Көркіне дүние қараған;
Селт еткізіп сезімді,
Семсермен шашын тараған;
Бас ұрғандар бағасын
Бар әлемге балаған;
Сұғынғанның нұр-таңы,
Сұлулардың сұлтаны,
Ақмаңдай талай арулар
Бізден де қалған, бауырым!
Адырнаны аңыратқан,
Сайгез оқты сарнатқан;
Кері сөйлеген дұшпанмен
Керілдесіп, керіскен;
Қанжығада қағысып,
Тебінгіде тебіскен;
Теңіз боп аққан теріңді
Балдай татып, жер ішкен;
Бет күйдіріп айбатың,
Беттетпеген қайратың;
Елеулі талай ерліктер
Бізден де қалған, қарағым!
Ақ домбыраң асынып,
Ақпа жырың тасынып;
Әлеуметтің алдында
Әуелетіп ән салған;
Әніңе ұйып, «Әу» десіп,
Әлпештеп елің қарсы алған;
«Бағың жансын!» дегізіп,
Бата алғызған бар шалдан;
Тілдің майын тамызған,
Жыр арнасын ағызған,
Апшыған асау ақындық
Бізден де қалған, бауырым!
Шаршы топта сайраған,
«Қой» десе де, қоймаған;
Құмыр құстай құйқылжып,
Құлақтың құрышын қандырған;
Жүгіртіп көздің жанарын,
Жүректің отын жандырған;
Тамағын жыртып ән салып,
Талайды естен тандырған;
Теңі жоқпен теңдескен,
Сезімінен сең көшкен;
Сенделген талай серілік
Бізден де қалған, қарағым!
Кімді күтіп, кідіріп,
Кімнің зарын ұғынып;
Кімді тыңдап, сыр жарған,
Кішірейіп бұл жалған?!
Қаңғыр-күңгір сөйлейді
Қазір менің қабірім.
Желден жүйрік уақыт
Бір сипатпай сауырын;
Берекесі жоқ, беу, дүние
Осылай бір өткен, бауырым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу