Өлеңдер ✍️
ЖЕТІМ МҰҢ
Бетеге кетті де, белдер қалды,
Бебеу-құс ұшты да, көлдер қалды.
Сағына табысқан сәттер қайда,
Тағы да қауышқан жерлер мәңгі?!
Ақбөкен кетті де, дала қалды,
Айкөркем кетті де, қала қалды.
Шапағат шашатын жүректерге
Махаббат сынайды әр адамды.
Қайырмасы:
Әнімді өзіңе арнадым,
Жанымды сезіммен жауладың.
Мен үшін жаралған болсаң да,
Жаным-ау, менікі болмадың.
Азғана өмірде сырластық,
Ағылған көңілде күйді аштық.
Бұйыртпай бақытын бұл жастық,
Арада қалды тек қимастық.
Аққулар кетті де, айдын қалды,
Ару қыз кетті де, қайғым қалды.
Сыбызғы-көңілім сыңсиды енді
Сыр қылып сыңардан айрылғанды.
Жаз-күндер көшті де, жай күн қалды,
Сазды үндер өшті де, сай-құм қалды.
Басынан кешпесе, білмейді адам
Жасынан қиналып, қайғырғанды.
Қайырмасы.
Махаббат қайғысы терең екен,
Маңдайға жазғанды көреді екен.
Бізді мас қылған сол махаббатқа
Мызғымас мықтылық керек екен.
Өмірің осылай өтеді екен,
Сүйген жан мәңгілік күтеді екен.
Әлі де үмітпен жүргеніңде
Бәрі де осылай бітеді екен.
Қайырмасы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter