Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  115


Автор: Рахат Қосбармақ

ТОРЫҒУ

Безбүйрек қоғамнан безінеді екенсің,
Саған да тықыр таянды, бала-ау!..
Сен маған қашан кезігеді екенсің,
Адал сүт емген аяулы жан-ау?!
Шалқиды қашан бақ-ырысым артып?!
Шаранадан шығар шақалақ ұл да.
Саған деген сол сағынышым артып,
Сандалып жүрмін сахара құмда.
Қолжаулығы боп наданның харам,
Тартқылап жатыр талтаң бастырмай.
Айналадағы адамның бәрі – аң,
Қолыңдағыға – қорқау қасқырдай.
Аламанға әкеп ат қостырардай,
Ақ жұлдыз болып тез ағып едім.
Он сегізімде от бастырардай,
О, Құдай, саған не жазып едім?!
«Көрт» деп ұққаным – көк айыл еді,
Таңдайы жарылар таңғалған адам.
Тумаған жұрттан не қайыр енді,
Тумаласың да жау болған заман?!
Түгендеп жоқты, түстеп оқыма,
Түбінде жұртта қаламын ба енді?!
Түк көрмей тұрып түскен отыма
Түгім қалмағанша жанамын ба енді?!
Түскен отым сол тозаққа айналып,
Мен болдым қоғам қорлаған мәңгі.
Махаббат дегені мазаққа айналып,
Әйелден жолы болмаған әңгі.
Түнде естігенін түсқайта сұрап,
Тілмәрсіп өңшең жатып алыңдар кеп:
«Бас-басыңа түгел қыз қайда, шырақ?!
Бес-алтауың әзір қатын алыңдар!» деп...
Сайран өмірді сабылысса ұғарсың,
Ен тілегімді ел қарғыс етті.
Сен маған мәңгі сағыныш шығарсың,
Себебі, өмірдің тең жартысы өтті...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу